15.06.2022
  113


Автор: Мансұр Бекежанұлы

МАНСҰР МЕН ДӘМЕ айтысы

Мансұр:
Тыңдаңыз, сөз сөйлейді ақын Мансұр,
Атағым бұл өлкеге болған машһүр,
Азырақ бір мысал сөз аңдатайын,
Сәдептен аңғарғанға аршылған дүр.
Болады асылым – Арғын, Шұбыртпалы,
Шиелі мекен жайым Сыр, Жұтпалы.
Жасымда дәл жиырма бес барған едім,
Бай елге құмда жатқан Құдықтағы.
Жайылды Қызылқұмға ақындығым,
Кітаптан қаншама жиын мәжілісінде,
Алдында жақсылардың айтып жүрдім.
Қанша күн өтіп кетті мұныменен,
Мен тердім несібемді жүріп елден.
Жетпейді бұйырмаса пәнде сірә,
Қол созып көрінгенге жүгіргенмен.
Бұйырған напақамды жүрдім теріп,
Аралап Шөлдің елін жортып-желіп.
Қадірлі Қарақалпақ жиынына,
Шақырды сол күндерде біреу келіп.
Жүрмекші болды соған тамам халық,
Шақырған есіткен соң хабарды алып.
Жұрт айтты: «Бұл жиында ақын қыз бар,
Сол қызбен айтыс», – деді маған барып.
Жүрмекші болды соған тамам халық,
Шақырған есіткен соң хабарланып.
Абайлап қалайықтың әңгімесін,
Қоймасын айтыстырмай, білдім анық.
Ал сонда барлығымыз жүрдік енді,
Қарулы жарамды атқа күндік еді.


Абайлап қалайықтың әңгімесін,
Қоймасын айтыстырмай білдім енді.
Мереке болған екен үлкен жиын,
Қондырған жүзден аса тігіп үйін.
Түсіреді ретімен әуел бастан,
Ауылдың ақсақалы, болыс-биін.
Жібектей ширатылған бар мінезі,
Қыз Дәме бозбаланың болды сөзі:
«Әрі әнші, әрі ақын, сұлу қыз!» – деп,
Дүңкілдеп бара жатыр жердің жүзі.
Жігітті қызды көрген бәрі талып,
Маған да айтып жатыр хабар салып.
Болысқа ақыныңды айтыстыр деп,
Жаушылар келіп жатыр хабар салып.
«Сабыр қыл, – деді болыс ашуланып –
Алыстан жолаушы келген арып.
Азырақ демін алып тыныққан соң,
Көрермін ақын қызды өзім барып...»
Шашына өңкей алтын тағынғаны,
Сырғасы меруерт, маржан құлағындағы.
Он бестен он алтыға жаңа келіп,
Ойланып жүрген екен, қағынғалы...
Аппақ тіс, қиғаш қасы, қызыл жүзді,
Шашының жерге түскен ұзындығы.
Адамзат қанша айтқанмен ондай болмас,
Болмаса ұжмақтағы үрдің қызы.
Сап-сары қолы толған гауһар жүзік,
Мысалы құмырысқадай белі үзік.
Қыз маған қарап тұрды аз ойланып,
Сәулетпен неше түрлі көзін сүзіп.
Мен сонда қиялдандым тұра қалып,
Әлеумет жан-жағымда тұр қамалып.


Шеттегі қарақалпақ бір жігітпен,
Қыз жайын блдім тегіс сұрап алып.
«Апыр-ай, – жігіт айтты, – расың ба,
Шын кеңес Қыз Дәмемен құрасың ба?
Айтайын қыздың жайын, тілімді алсаң,
Қоя қой, желікпей-ақ расында.
Ол қыздың өз әкесі Тобағабыл,
Алысқа байлықпенен шашқан дабыл.
Дәулет көп, Сарыбелде жайлап отыр,
Білмеймін мекендеген қаншама жыл.
Есіттік Дәме қыздың сырттан даңқын,
Жеңілген талай жігіт, ойлап білгін.
Біреі соның болып сен кетерсің,
Тұлпар аяқ болсаң да, тілің бұлбұл.
Ол қыздың түк міні жоқ бір басында,
Қыпша бел, әдемі-ақ тұлғасы да.
Әм-және бір ауылнай елдің малы,
Тағынған құлағына сырғасы да.
Айтайын бір мінезі тәкәппарлау,
Келеді деп жүр өзі кім қасыма.
Өлеңді сенен бұрын айта бастап,
Тағады абайлап бар – мін басыңа».
Жігіттің бұл сөзіне зәрем кетіп,
Баяғы қайтып келдім қыр басына.
Мен барсам, қыз үйіне кірген екен,
Айнала үй іргесін түрген екен.
Қызығын екі ақынның көреміз деп,
Көпшілік, үйдің сырты дүрмек екен.
- Ол келмес, өзім іздеп барайын, – деп
Жиынға бұл қиялмен келген екен.
Өлеңді шырқап әнмен қоя берді
Ақын осы дегенді білген екен.


Дәме:
Жүрмісің аман-есен, ақын, ар ма!
Алдыма айып етпе шақырғанға,
Ақындық өнеріңе сенбей келсең,
Қасымнан алыста тұр, жақындама.
Жабыдай келте бақай, мойының қысқа,
Қарғысаң, жығыларсың ақыр жарға.
Теңізге кешу бермес келіп қалдың,
Шамала алды-артыңды, қапы қалма,
Екінші жауап айтып білдір тағы:
Өзіңнің атың бар ма, затың бар ма?
Ойланбай бұл сөзіме жауап қайтар,
Болмаса ақынмын деп тақылдама!
Мансұр:
Біз жүрміз амн-есен, өзің де ар ма!
Сен теңіз болсаң, менің көзім жарда,
Жарды айттың, жар қабақты білмей жатып,
Дәме қыз, мұнан басқа сөзің бар ма?
Жарқыным, айып емес «кел» дегенің,
Деген соң - өзің келсін, мен де келдім,
Келсем де досты танып, дұшпан көріп,
Қасымнан алыста тұр, келме дедің.
Атымды, затымменен білдірейін,
Келіспес бұған жауап бермегенім.
Болады асылым – Арғын, Шұбыртпалы,
Дәм айдап Сарыбелге биыл келдім.
Өз атым – ақын Мансұр һәм-және де
Сөйлетер жақсылардың ермегі едім,
Ақынсып ат пен түйе сұрадым ба?
Сен өзің шақырған соң келген едім.


Дәме:
Шақырттым есіткен соң хабарыңды,
Қылмаймын дедің айып, аға, мұны.
Келсе де көңіліне, келмесе де
Тағамын бірте-бірте саған мінді.
Болмасаң жабы, жарға қарар ма едің?
Меніңнің осылайша тағы бірі.
Аңдысып жардан жапалақтай,
Жоғары көтермейсің қабағыңды.
Айқайшыл әңгі жігіт көрінесің,
Қырындап жақтырмаймын қарауыңды.
Қасыма келсен мейлің, келмесең де
Менен сен ала алмайсың қалауыңды.
Үш өліп, үш қайтара тірілсең де,
Ашумен қусырарсың танауыңды.
Еліңнен жалғыз жүріп шөлге келдің,
Байтақта жатқан аңқау елге келдің.
Желігіп көңілің жаман тасқан екен,
Алдыңнан табылған соң көрмегенің.
Айтыста бетіме жан келмейді деп,
Бола ма құр көңілмен өрлегенің.
Болмаса болыс пен би аты шыққан,
Дедің бе бәрі надан өңгелерің.
Алмасаң ат пен түйе менсіндің бе
Шаруаның шапан, шекпен, теңгелерің.
Сен сияқты талайлар бізге келіп,
Аралап алатұғын теңгелерін.
Шақырдым айтайын деп осы сөзді,
Пәлендей жұмысым жоқ сенде менің.
Мансұр:
Дәме қыз, бәрекелді білгеніңе,
Қайылмын тауып айтқан міндеріңе


Жаныңа жақыныңды жармастырып,
Әркімді жүргізіп пе ең ілгеріде.
Жапалақ болсам саған бармас па едім,
Бағана көріп үйге кіргеніңде.
Қалыпсың сұңқарыңды тани алмай,
Жолдас боп жапалақпен түнде бірге.
Бар болса жігіттігім болған шығар,
Орын жоқ бұған сенің күлмегіңе.
Дейсің бе: жеңе алмайсың, желігесің,
Көремін сенген болсаң тілдеріңе.
Елімнен жалғыз жүріп биыл келдім,
Болыспен жеті руды биыл көрдім.
Жеткен соң халық жақсысын қадір тұтып,
Жақсыға бұл себептен үйір болдым.
Берейін сөздеріңе тегіс жауап,
Шешілсін көңілге алған түйіндерің.
Сөз парқын адырайып аңламайсың,
Білмейсің сыйлағанды, сыйыр ма едің?
Дәме:
Ағатай, тілің артық, шешен екен,
Көңілің жүйрік сөзге көсем екен.
Сыр берме болмашыға, халайыққа,
Деп кетер: ел қыдырған есер екен.
Мен сенің білмедім бе міндеріңді.
Абайлап тартып сөйле тілдеріңді.
Шығады жалындай боп сыртқа сөзің,
Көрсетіп қояйын ба бір көрімді.
Өсекке ептейлі екен тіл мен жағың,
Қойнымнан ұстап едің түнде кімді?
Өзіңе жақсылықты жөн көрмедің,


Бомаса өнеріңе сенген бе едің?
Басыңды қанша мақтап көтергенмен,
Сөзінің бәлесі көп жерден келдің?
Арпаны ат жейтұғын тамақ етіп,
Сырдағы қырма кедей елден келдің.
Тиеді тікенектей тілің ащы,
Есіңнен кетпейді екен шеңгелдерің.
Елімнің дәулетіне көтеріліп,
Байғұс-ау, лайық па желденгенің?
Ақылың анық кәміл жігіт болсаң,
Адам мен айуанды теңер ме едің.
Мансұр:
Дәме қыз, жаңа білдің шешенімді,
Бойыма таппай тақтың неше мінді?
Сегіз ай болды шөлге мен келгелі,
Жұрт біліп неге айтпайды есерімді.
Сен жетік айтар сөзге ақын-ақсың,
Сөзімді жалған деме нақ расым.
Елді елден, жерді жерден кемітесің,
Балалық мінезің бар, ақымақсың.
Айта бер өз мінімді шамалаймын,
Сонда да жауабыңды тамамдаймын.
Беремін дұрыс сөзге дұрыс жауап,
Айтсаң да бұрыс, тоқтап қала алмаймын.
Түбінде қыз емессің сен білімді.
Оманның ұзын аққан дарияасы.
Жай қылған әулиелер жер бұрынғы.
Қарасаң он саусағың теп-тегіс пе?
Қайда жоқ азды-көпті елдің міні?
Көтеріп өзіңді-өзің мақтаған соң,
Сырыңды ағаң сенің енді білді.
Жеріме елімменен тілің теңлігімді.


Дәме
Ағатай, басыңнан мін таппадым ба,
«Менен мін таба алмас» деп мақтандың ба?
Болдым деп, шөлге келіп: жалғыз қара,
Жүр ме едің жан келмес деп қапталыма.
Байғұс-ау, елің қожа, төре ме еді,
Дегенің: «тілің тиді» – сасқаның ба?
Бар дейді мың бейнетке бір рақат,
Жеріңді мақтаймысың жұртқа мына.
Сырыңның қараңғы көр кепелері,
Жалаңаш жазды күні шекпен киіп,
Қуарған кедейіңнің шекелері.
Жеріңнің беті шимай атыз-арық,
Жүрмейсің жолды тауып төте жерді.
Сөзімнің өтірігі болса ішінде
Сынаушы, деші кәне бекер еді.
Айтпассың сен жамандап түбі құмды,
Айтарсың кеміткенде – құдығымды.
Кедейің шиқылдатып ала жаздай
Жүргенін мақтаймысың, шығырыңды.
Тұзақ қып, қырғауылға қылын жұлып,
Құйрықсыз қор қыласың тұғырыңды.
Сенімсіз бір-біріне болды халқың,
Көбейтіп қатындарша сыбырыңды.
Жүреді кей кедейің кесірленіп,
Жебегей жеңі болмас сұғынулы.
Көтере көк тарыға киім киіп,
Тапқанын саудагерге тығынулы.
Ал, Мансұр, сол кедейдің сен де бірі,
Айтпасам болмайды ғой қылығыңды.
Мансұр:
Дәме қыз, айтылмаған сырың бар ма?
Тастап айт өтірікті, шының бар ма?


Бәрі рас, айтқаныңның жалғаны жоқ,
Ойланшы тағы тағар мінің бар ма?
Қарақалпақ сараң ел, қайыры жоқ.
Мырза деп бекер сөзбен сұлуланба.
Баласы біз қазақтың Сыр бойында,
Жатамыз жайлап-қыстап қыр бойында.
Сырдағы тамашаның бірі де жоқ,
Қырдағы мақтанасың құр қойыңа.
Бейнетсіз рақат жоқ қайда барсаң,
Арамдық – тек рақат жайда қалсаң.
Көмірге көк теңгені алар ма едің,
Күз болса, қимылдамай жайға қалсаң.
Түн қатып, түсің қашып Самарқанға
Түйені айтар едің, айдамасаң.
Дәме қыз, бұл сөзіңнің шын ба бәрі?
Жұрт отыр сенен сөзді тыңдағалы.
Теп-тегіс малға, сірә, жұрт бола ма?
Аз емес айта берсең құмда жарлы.
Халқыма, тентекпісің, тіл тигізбе,
Бар бізде тоқсан тоғыз машайығы.
Сұлтанның Қаратауда Сырдан арғы.
Сол таудан шыққан байлық қайнап тасып.
Дарияға ағып құяр жылғалары.
Дарияның басы дұрыс Хантәңірден
Аяғы ен қорыққа су барады.
Осының бәрі де бар елдерімде,
Сөзіме я болмаса сенбедің бе?
Қайнаған бұлақтайын дариям бар.
Құмыңды Сыр боына теңедің бе?
Күн ыстық, көлеңкесіз, көктемі аз,
Сыйы жоқ Кербаланың шөл жерінде.
Ат мініп, асын ішіп жүргеннен соң,


Айыбыңды айта алмадым сендердің де.
Белдестің маймылдай-ақ айуанменен,
Көрерсің жемтігіңді шеңгелімде.
Асу сөз айтылмағы әлі алдыңда.
Айта бер көзің жетсе жеңбегіңе.
Кеміттің кедейсің деп келмей жатып,
Баймын деп мақтандым ба сен көрімге?
Дәме:
Алаға, мен сөйлеймін шыныменен,
Білерсің сұрай берсең сырымды елден.
Көрінген бойыңдағы мініңді айтпай,
Тоқталып тартылады тілім неден?
Аша алмай айыбыңды отыр едім,
Мейман деп қадір тұт деп күніменен.
«Сараң» деп қарақалпақ бір сөз айттың
Дыбысыңды өшіре ғой үніңменен.
Қазақ пен қарақалпақ бастан егіз,
Аралас қашаннан-ақ жатқан елміз.
Жері жаз, суы тұнық болғанменен,
Қоныссыз қор болады шалқар теңіз.
Егіліп түрлі жеміс миуаланса,
Тамаша теңізден де қазған керіз.
Тамаша құмда болмай кімде болар, –
Асы көп, ақшасы мол, аты семіз.
Аламыз көмір сатып көк теңгені,
Кәсібі еліміздің көптен бергі.
Кигізіп жазыларды нарға артады,
Самарқан, Бұқар барып төгер жері.
Бір нардың қырық теңгеден жүгін сатып,
Дызақтан ұн алады шеттен бергі.


Осының бәрі де шын, жалғаны жоқ,
Бекері бар ма ішінде – аңғар тым көп.
Талпынып тіл байлаймын дегеніңмен
Тоқталып сірә қорқып қаларым жоқ.
Барасың үндемесем едірейіп,
Жігітсің түсі жұқа, салмағың жоқ.
Саспағын, айтар сөзге бүктелерсің,
Жоқ екен ойлап тұрсам тіпті есің.
Білемін Сырда әулие көп екенің,
Не пайда қадір тұтып күтпеген соң.
Сырыңның сылдыр бақай адамдары,
Тұрмайды уәдеде табандары.
Ертеден кешке шейін пікір ойлап,
Асылы жоқ ақыреттен хабарлары.
Боған соң көп әулие аяқ асты,
Ұзамай қысқарып жүр қадамдары.
Жарамды жақсыларын жасық билеп,
Қояды болыс етіп надандарды.
Парқы жоқ қанша айтқанмен ел-жұртыңның
Болса да мінсіз тегіс саған бәрі.
Біздегі болыс-би мен байға келдің,
Бір емес, бәрінен де пайда көрдің.
Селтеңдеп семіздікті көте алмай:
«Ішемін шекер салып шайға» дедің.
Арғымақ ат, түйеден нар болмаса,
Көңілім жоқ тайлақ пенен тайда дедің.
Қайырлы елің менен жерің болмаса,
Тентіреп жалғыз өзің қайдан келдің?
Сырыңның көлі сасық, шөбі жасық,
Жарлылар жалаң аяқ түсі қашып,


Таң атса өгізіне жүгін артып,
Далаға шұбырады асып-сасып.
Көк шөптен маса шығып күн батарда,
Зарланып дыбыс қылар заһар шашып.
Жыртығын киізінің шөппен қымтап,
Жан – адам шыға алмайды есік ашып.
Тезектен ортасына түтін салып,
Жатады жер бауырлап, бетін басып.
Шабады жаздай тоған, күздей арық,
Шақырып бірін-бірі іздеп алып.
Қастасса бір-біріне нақақ жала
Жабады жіпке тізіп бәле-пасық.
Әлі бар мақтансаң да осы еліңде,
Көрерсің аман болса күзге барып.
Өң түгіл, мұндай жұмыс түсте де жоқ,
Жұртыңды теңгересің бізге не қып?
Ісініп сөз саласың таңдайыңа,
Болмаса дауға қылған далбайың ба?
Екі арық, Сырдың семіз қатындары,
Соры көп еркегінің маңдайында.
Балыққа суда жүзген қармақ салып,
Үңіліп отырады жар бойында.
Жаулығы мен көйлегін күнде жуып,
Әйелі жуытпайды шаң бойына.
Еліңнің қылған ісін жаңылыпсың,
Ал, ағай, айта берем, ал ойыңа.
Көйлегін Сыр қатыны бүрмелеген,
Қынама қара пешпент түймелеген.
Базардан бәсекемен товар алар,
Дегенмен бай болмассыз, кигенменен.
Жұртыңның әдеті осы баста үйренген.


Қараспас кедейіне байларыңыз,
Деп ойлап мынау болсын пайдалыңыз.
Еліңді қанша мақтап көтергенмен,
Белгілі біздің жұртқа жайларыңыз.
Қайғы ұрып күні-түні дүние үшін,
Жыл бойы қараңғылық айларыңыз.
Қай жақта айтылмаған асыл сөзің,
Бар болса, айтатұғын келді кезің.
Қадірлі болмай не қып келіп қалдың,
Еліңде аю жігіт болсаң өзің.
Естідім кедей жігіт деп сыртыңнан,
Мұны өзіңе айтайын, тұр ғой көзің.
Желсөзді, жылдам-жүйрік епті екенсің,
Қиялмен айтар сөзге бөп-бөтенсің.
Сөзіме менің айтқан ерегісіп,
Халқымды қыла берме көп кекесін.
Сыртында көп жастар бар адырайған,
Қамшысын, тисе тілің, жеп кетерсің,
Бишара қаңғып жүріп сорың қайнап,
Қайтерсің, азар болса өкпе етерсің.
Мансұр:
Дәме қыз, шыныңнан көп өтірігің,
Ашылған ұятсыз боп бетің бұрын.
Алдыма айыбымды сала ма деп,
Сезіктен кетті өзгеріп сенің түрің.
Сенімен ерегісіп тілім тиді,
Халқына қарақалпақ жеке рудың.
Айырдың тауды құмнан, Сырды қырдан
Құтырған екенсің ғой шын жын ұрған.


Ал енді елдің мінін мен де айтамын,
Табасың қандай пайда құрғыр мұнан.
Қояйын қорғалатып саспа, Дәме,
Торғайдай тұрымтай мен қырғи қуған.
Болған соң асылы пенде елде мін бар,
Мін айтпа күшті болсаң, жерге мұңдар.
Алланың қылған ісін айыпсыз деп,
Дәлелді әр нұсқадан көргенім бар.
Суы – сүт, топырағым десең де алтын,
Болмайды Сырдан ешкім суға құмар.
Айтайын атын атап бірте-бірте.
Қарашы, шөл жеріңмен тең бе бұлар.
Жайлайтын жазды күні құралайы,
Мұнарлы бұлт кетпес белдерім бар.
Қаз қонып, ыңырсыған, үйрек ұшып,
Шалқыған шағалалы көлдерім бар.
Перденкі патроны ататұғын,
Айлалы әбжін туған мергенім бар.
Бұл біздің сіздің жерден артық жері,
Елімнің осындай көп ермегі бар.
Жаз жайлауы – Сарысу мен саласы бар,
Сырты жон – сексеуілді қара шұбар.
Боз біткен бетегелі жері – шым, саз,
Ат шабар айдын тақыр даласы бар.
Сұлтанға зиярат қып жылында бір,
Қыстатып қойын айдап тағы шығар.
Нәзірге берген теңге есеп емес,
Апарған ат пен түйе қарасы бар.
Аздырмас жастарына ақыл айтып,
Халқымның қарт-қария данасы бар.
Шөлде жоқ қанша айтқанмен мұның бәрі,


Халқыңның қанша мұндай шарасы бар,
Қайырға қатар біткен талдарым бар.
Жайылған тал арасын малдарым бар.
Жасатқан піскен қыштан, әйнек құрып,
Қыс болса, орнатқан тамдарым бар.
Кедей деп Сырға тағып қалың қайғы,
Бұл сөзден кегің сенің алынбайды.
Қой айдап, түйе жинап, бақпағанмен
Азығы қамбасынан арылмайды.
Сендердей қошеметті қылып малға,
Жарлысы байға барып жалынбайды.
Көктемде түрлі дақыл себіледі,
Қос айдап, кетпен шауып егіледі.
Күз болса жинап алып мұның бәрін,
Қайғысыз тапқан дәнін тегін жейді.
Халқымның әдеті осы, баста үйренген,
Жамандап қанша айтсаң да кемімейді.
Дәме қыз, сөзің бар ма айтылмаған?
Бар болса тағы білдір айтып маған.
Әңгіме дәлелі жоқ көп айтасың,
Бәлеге жолығады жай тұрмаған.
Сабырсыз салмағы жоқ түрің мынау,
Келісті кеңес шықсын қай тұлғаңнан.
Айтуға өтірік сөз ерінбейсің,
Әрі бай, әрі мырза елім дейсің
Әуелі шатпақ сөзді айтқан өзің,
Сен мені не қып жұқа, жеңіл дейсің.
Қол салып қай жеріме көріп едің?
Салмақсыз, түбі жұқа терің дейсің.
Келмейді жақсы сөзге тіпті ебің,
Алды-артын ойламайсың түктеменің.


Болғанда сен шоқалақ, мен асқар тау,
Астыңа қайтіп сенің бүктелемін.
Дәмежан, мен бұйра нар жазыңды тап,
Деп едің: бір сөзіңде жүк берермін.
Кедей деп көп кеміттің біздің елді,
Кемітпе қиялыңа түзу келді.
Алды жөн адасқанның дегендей-ақ,
Білмейсің өз мініңді ізіңдегі.
Көрсетіп дәлелменен көзіңізге,
Айтайын бір азырақ сіздің жерді.
Бар дедің берекесі Қызылқұмның,
Тауса алмай өтірікті ұзын қылдың.
Ұялмай өтірікті шын ғып айттың,
Баласың, әжептәуір қызыл жүзің.
Мұнда жоқ аққан теңіз, қайнар, бұлақ,
Тұрады қай жерінде қыдыр мұның.
Жақсысын сіздің елдің тегіс көрдім,
Дәм айдап биыл келіп өрістедім.
Берген соң құдай өзі шараң бар ма?
Бәрінің бармағынан жеміс жедім.
Көнбейсің мәмілеге көңілің көр,
Көбейді айтқан сайын көрістерің.
Шыға ма жаман кеңес жақсы адамнан,
Қасыма сірә жақын келіп пе едің.
Берген соң құдай өзі шараң бар ма?
Шай емес, шекер мен бал мен іш көңілің кемін.
Бәрінің бармағынан жеміс жедім.
Көнбейсің мәмілеге көңілің көр,
Көбейді айтқан сайын керістерің.
Шыға ма жаман кеңес жақсы адамнан,
Қасыма сірә жақын келіп пе едің.


Берген соң құдай өзі шараң бар ма?
Шай емес, шекер мен бал мен ішкемін.
Мен шөлден адам көрдім әр білімді,
Бәрі де біліп жатыр қадірімді.
Ақындық ат көтеріп ақырында,
Жайып тұр Қызылқұмға дәрібімді.
Болсын деп үлкен жолың өзгелерден,
Ат, түйе мықтап берді нәзірімді.
Мен көрдім өнер менен пайда құмнан,
Мен пайда таптым өнер жиғанымнан.
Ат міндім, ат жетелеп – бәрі де рас,
Қоңырат, Арғын, Қыпшақ, Найманымнан.
Ат тонын алып едім, біліп айтшы,
Қай, бегі, қарақалпақ қай бойыңнан.
Сөзімнің енді келді салмақтары,
Айтамын мысалменен аңғартқалы.
Жете алмай мысық тұрып айтқан екен,
Сасық деп жайған етке шаңырақтағы.
Сен Сырдың шөбін, суын кеміткендей,
Бау-бақша бар ма шөлдің шарбақтары?
Суырып ысырапыл тартқандай-ақ!
Бұрқырап дауыл тұрса шаң қаптады.
Көп қойдың жатақтағы құмалағы,
Желменен құдығыңа домалайды.
Шықса да әр қауғадан қырық құмалақ,
Амалсыз содан барып су алады атпен салған
Ыстыққа шыдай алмай суын ішіп,
Сорлылар суық-ақ деп қуанады.


Болғанда суда дария, бұлақ – тауда,
Құдыққа атпен салған құмға қауға.
Өлшеумен су аласың, арқан салып,
Тартысып қара жермен қылып сауда.
Қызылда жүрген елдің көзі ашылмай,
Өмірі өтіп кетер жанжал-дауда.
Жапанда жүрген елсің отар малдай,
Я Бұқар, я Түркстан, Қоқан бармай.
Мырзаңның таңдап алған ақ білегі,
Құйқалақ кірлі мойын тоқалдардай.
Жырығы табанының тоқсан тілік,
Зырлайды жалаң аяқ от арбадай,
Шалағай келер өңшең бойдақтарың
Үстіне бар тапқанын киіп алып,
Шабады шала өлтіріп тойда аттарын.
Көрінсе сен сияқты жарық табан,
Тұрады қоқырайып қой баққаның.
Бұл сөзді саған айттым сынағалы,
Долданып отырмысың жылағалы.
Ақ көйлек алтын ілгек біздің елдің
Әйелі киер барқыт қынамалы.
Сан алуан тазалықтың парқын білер
Пакиза не қылғанмен Сыр адамы.
Тек көйлек қатындарың жамап киіп,
Жылтылдар жыртығынан шығанағы.
Барабар алыстағы Сібірменен,
Қыс қоймен Жетіжалға лағады.
Сен Сырға кедейсің деп сын тағасың,
Әр сөзбен ажыраттың жұрт арасын.


Ақылың болса алдына асу сөздің
Өткердің пернеменен бір парасын.
Елімде жақсымын ба, жаманмын ба?
Сен жаман дегенменен кемідім бе?
Болсам да Сырға қарсақ шөлге келіп,
Арыстан, аю болдым саған мұнда.
Үнемі жүйрік, шебер үлгіліңмін,
Өнерім сен көрмеген тағы алдымда.
Айтасың бозбаланы сыртымдағы.
Ұмтылса, сен қой деме, жұрт ұрғалы,
Деген сөз ерегіссе ер өледі.
Тілімнің қорқып қиын құр тұрмағы.
Кідірсін неден сасып бүгежектеп,
Қызыл тіл бастан бұрын қырқылмады.
Дәме қыз, айтып сөзді тауыстың ба?
Жамандап ашып салдың ауыз Сырға,
Сағырдың мойнындағы аманатын
Ішінде мықтап сақта, ауыстырма.
Жас бала, жесір қатын, қайын жұртың,
Біреумен жанжалды қып жауықтырма.
Аманын өз басыңның ойлана бер,
Қолдасын мені құдай, қауіпсынба.
Аңласаң осы сөздің бәрі де асыл,
Ақсарсың ақсағанда оң жағыңан.
Өнерлі халық сыйлады болғанымнан,
Ойлансам өлең кетпес толғауымнан,
Аңғарып өз шамамды жүргеннен соң
Ерлердің орын алдым оң жағынан.
Бұл көптің топқа салған жүйрігімін,
Ойлаған қалма, Дәме, жолдарыңнан.


Дәме:
Ал, аға, жалғаншыңды білдің бе анық,
Бетіме ұятсыз деп қылдың салық.
Жасыр деп айыбымды жалынбаймын,
Шығарсың дабысыма сырттан қанық.
Сен ептеп қанша өтірік айтқанменен,
Кең іші, кектенбейді біздің халық.
Көрінген жасырынбас көмгенменен,
Байғұс-ау, жайың бар ма мен көрмеген.
Қаралап біздің елді сөз айтқандай
Залалың бар ма сенің шөлден көрген?
Көріксіз күйкентайсың мақтансаң да,
Түсе алмай әр нәрсеге ербеңдеген.
Жайсыз деп жамандадың жұда құмды,
Мақтадың көлің менен бұлағыңды.
Көк орай шалғыным деп мақтанасың
Көлдегі сасық қамыс, құрағыңды
Берейін сөздеріңе тамам жауап,
Тыңда, сал, ақын Мансұр, құлағыңды.
Қураған қурайларың көп десең де,
Нанбаймын өтірікпен ептесең де.
Сауысқан, ала қарға қалың құсың
Айтайын ақиқатын жек көрсең де.
Болатын қоян сойса қой сойғандай,
Болмаса мысал айтылған кеп-кешегі.
Мақтадың көлі көп деп Сырларыңды,
Сарысу, Сырдан арғы қырларыңды.
Мақтаған мергендерің атып жейді,
Тамағы қоян менен қырғауыл-ды.


Қып-қызыл Сырың тікен, шеңгел шығар,
Аз түп тал қайырына өнген шығар.
Шошқаны көл жағалап қашып жүрген
Бір талай мал деп көзің көрген шығар.
Нәзірге ат пен түйе деген сөзің
Әшейін құр көтерген кеудең шығар.
Мас болсаң арақ ішіп, мал не керек,
Есепсіз соған берегн теңгең шығар.
Бейқадір халқы қылмай аяқ асты,
Бола ма есті жігіт елден шығар.
Кеңеске, асыл сөзге кем екенсің,
Деп едім өнеріне сенген шығар.
Қалтаңдап шамға айналған шіркейдей-ақ,
Сор қысып сен жазғанды келген шығар.
Ал, аға, сенен сырды жасырмаймын,
Орынсыз ептеп айтып асырмаймын.
Аңласаң әңгімеме назар салып,
Ақ балдақ тасқа шабар асылдаймын.
Ағатай, қадіріме жетсең танып,
Гауһардың жанған шырақ тасындаймын.
Сабырсыз, салмақсыз деп кемітсең де,
Түбінде озбай сенен басылмаймын.
Маңызы әңгімеңнің шамалы екен,
Бір атым маңызындай насыбайдың.
Ал, ағай, айыбыңды аңламайсың,
Айтты деп ашуланып қалмағайсың.
Болғанмен тілің желді, ерің епті,
Киерлік қабір жазы нар болмайсың.
Көшкенде керек артып кемпір мінер
Қисық төс бақырауық қылағайсың.
Кедейді кім нанады бай дегенмен,
Жиылған пұл, айдар малға сай дегенмен.


Шолпанның жұлдыз аты жасырынбас
Жалтырап жаңа туса, Ай дегенмен.
Кемітпе қызырсыз деп Қызылқұмды,
Жерің ғой биыл сенің пайда көрген,
Ал, аға, өрге жүздің өнеріңмен
Шығады түрлі кеңес көмейіңмен.
Қазақтан асып келген азамат деп,
Біздің ел құрмет етті-ау, келгеніңнен,
Көзіңе тарыдай нәп көрінбеді,
Қанша ішіп, біздің жерден жегеніңмен,
Жер жетпес қадіріңе шөлдер артық,
Болыстың құрметіне муапық деп,
Жай бердік бәріміз де төбемізден.
Ойлаймын бір қиялда жүрісіңді
Халқынан шыққан ба деп безерінен,
Басында қадіріңе халқың жетсе,
Тентіреп не ғып келдің өз еліңнен?
Түбінде қанша айтқанмен шөлде мін жоқ,
Жалғыз-ақ аққан бұлақ, көлдерім жоқ,
Қарақалпақ сараң деп кемітесің,
Ішіне шақырса да келгенім жоқ.
Шалқақтап бағынбаған байға қарап,
Бәлені сен шығардың елдегі жоқ.
Тастай бер салмақты сөз тапсаң егер,
Кісіні құдай алсын сасса егер,
Бейнет деп бір құдықты кемітпесең,
Сөздерің – айтқаныңның бәрі бекер.
Ағатай, ілімнен бар талабыңыз,
Бар дейді жазған қағаз-қаламыңыз.


Ел ішкен бұлаққа тең таза құдық,
Бар болса әр нәрседен хабарыңыз.
Мұныңды өтірік деп айта алмаймыз,
Қаттырақ сол себептен табаныңыз,
Жан болса жалаң аяқ, кебін киген,
Ыстыққа біздің қылған амалымыз.
Біздің жұрт ат мінеді арғымақтан,
Құйысқан, күміс жүген жарқыратқан.
Мереке күнде жифн бәйге қосқан,
Байтақты тамашалы халқым жатқан.
Елінің еркегінен қатыны би,
Кіргені қараңғылық кепеден үй.
Болған соң еркегінен даражалы,
Әйелі ізет тұрып қылмайды сый.
Қай баққа, қай дәулетке әйелің мас,
Бар болса жұдырықтай басыңда ми.
Саған сөз айтып болмас қоңбаған соң,
Келіп жүр Сырдан кедей оңбаған соң,
Барлығы сыпайыдай сылдырайды,
Жалғыз-ақ жалаң аяқ болмаған соң.
Ағатай, сынадың ба сырымды алып?
Біздің бе мінезім мен мінімді анық?
Қиялмен жоқ нәрсені табамын деп,
Қинады қиял сенің миыңды алып,
Ешкі, қой, есек сірә аттан озбас,
Қосылып марал болмас сиыр барып.
Білмейсің басыңа мін болған жерді,
Біздің шөл көңілінің толған жері.
Көреген соң Сырдан жәбір түрлі-түрлі


Қаңғырып басың мұнда сордан келді.
Арыстан, аю болдым дейсің шөлде
Жар тас көп құр әшейін тұрған тегі.
Еліңде қарсақпысың, түлкімісің
Абайла, қалдың жұрттың күлкісіне.
Бұл айтқан сөзің сірә, жалған емес,
Дыбысың жайылып тұр жұрт ішіне.
Ал, аға, қайдан білдің ақ сырымды
Ақсатып байқадың ба бастан мінді.
Жақсылар жәрдеміне сені алды деп,
Қорғалап көресің бе сасқанымды.
Қазақтың хан, қарасы артында тұр
Тастай бер тіреп тұрған аспаныңды.
Болдым деп жалғыз шайыр ақын құмда,
Қазақты, қарақалпақ айырдың ба?
Келсең де кеуде керіп жарлымын деп,
Іркіліп айтар сөзден тарылдың ба?
Насихат маған айтпақ болғың келеді,
Қадірлі қайнағам мен қайыныма.
Ағатай, бұл не сиқың – жалғыз жүрсің,
Айырылып ағайыннан қаңғып жүрсің.
Отызға келгеніңше орын таппай,
Ісінің бәрі екен қарадүрсін.
Менімен ерегісіп ерсінгендей,
Бар еді қай көмегің, қай бір күшің.
Әңгімем ада болмас кідірмесем,
Тоқтатып ала алмайсың түбінде сен.
Қисайып кесірленіп кеіп жүрсің,


Кедейлік Сырдан келген мінің десе.
Бай болсаң Сырдан тысқа шықпай жатып,
Болмай ма басқа жұртқа білінбесең.
Ісіңді өзің ашқан айып дейсің,
Болса да ақылың кем, тілің шешен.
Бір сөзді жаңа таптың қорынарлық,
Айтайын бұған жауап, толық, анық.
Етеді өнбес дауды есуас жігіт,
Көп екен маңдайыңда сорың анық.
Шығардың ар-намысын айта қалдың,
Келіп пе ең доверносын қолыңа алып:
Қолыңнан келсе мені апарып бер,
Отырдың жақын жерден орын алып.
Айтасың әдетіңді халқыңдағы,
Сыр елі, қыз қашырған салың-дағы.
Сырдағы қырық мың қулық бір кедейге
Келуге біздің шөлге артылмайды.
Бір қызға отыз күйеу, он құдағи,
Сыр елін әлдеқашан ант ұрғалы.
Торлаумен өлеңіңді толғана бер,
Жеріңді қорғалатар қолға ала бер.
Ақылың Аплотондай болса да артық,
Сорыңнан артық емес сенде өнер.
Мансұр: «Бұл сөзге тоқталдым» дейді. Екінші бір ретте өзімен бірге туысқан Нартай ақын: «Бұған жауап оңай
ғой, жеңілуге болмайды, – дейді.
Нартайдың Дәмеге берген жауабы:
Дәме қыз, шын қыласың жалғаныңды,
Дыбысыңды әркім сырттан аңғарулы.


Елге мін, жерге сынды таққаныңнан –
Ұятқа білмейсің қалғаныңды?
Айыпты ақылды адам аша ма екен?
Шамасы байқап қалдым жан-жағыңды.
Айтайын білгенімді мен де анықтап,
Айтты деп көңіліне дық алма мұны.
Дәмежан, ақыл шақыр, ашуды қой,
Көп сөзді тоқтат енді, асырдың ғой.
«Асауды жібере тарт!» деп отырмын,
Ойланшы, қарқыныңнан басылдың ғой,
Айтыпты көп балалық мінезіңді,
Ағаңмен, аяғына басыңды қой.
Бар шығар өз жұртыңа еркелегің,
Елімнің мен де сендей тентегімін.
Болмалық абыройсыз – айып ашып,
Екеуміз ала алмаймыз ел теңдігін.
Бір жылша құрмет қылған қанағыңмын,
Қайтамын өз жұртыма ертең бір күн.
Дәме қыз, жаман емес, жақсы адамсың,
Айыбы енді еліңнің ашпағайсың,
Бірінші зор айыбың бұл емес пе,
Жылатсаң бір момынның жас баласын?
Секілді кей мінезің құтырғандай,
Сөйле сөз сабыр қылып, тыпырламай.
«Өз атын көкек айтып шақырады»,
Қой, Дәме, сен көкек сықылданбай.
Сен қыз – Сыр бойының қашқан қызы,
Жақсы қыздың тұрмайсың басқан ізі.
Көңілің күйеуіне толмаса егер,


Қайтарып аламыз да ақшамызды.
Ерді әйел кемітеді жарлы болса,
Қойғандай ерісін деп тасқа мұзды.
Қайынына байы жас қыз хабар салар,
«Балаң жас, қалаймын, – деп, – басқа ізді».
Қызығып кейбір әйел бақ-дәулетке,
Сүймейді бай болмаса басқамызды.
Ақ Дәме, әйел болсаң, бәрің бірсің,
Айтылған бұл сөзіме өзің түсін.
Әйелдің осы айтылған бірі болсаң,
Сөзіңнің, сорлы Дәме, дәмі құрсын.
Күндіккке алтынмын деп отыр едің,
Көрдің бе, әні шықты енді мысың?
Жігітке қашқан да қыз, құшқан да қыз,
Қыз көрсек бәріміз де құшқандаймыз.
Осы айып болса егер өз басыңада.
Қалдыңыз қашқан қызға ұқсап нағыз.
Бұл сөзге сонда Дәме тоқталады,
Айтуға оған жауап жоқ болады.
«Жүйрікке – томар» деген нақылдай-ақ,
Бір атым ажалдыға оқ болады...





Пікір жазу