15.06.2022
  181


Автор: Құлан Алдабергенұлы

ҚҰЛАН МЕН ПЕРНЕ айтысы

Құлан:
Жолаушы біз бір мейман құмнан келген,
Сен болдың сұлу қызым Сырдан келген.
Бақтылы қайда барса болар дейтін,
Тілеуін жолаушының жылдам берген.
Перне:
Беліме асынғаным қылышым-ды,
Қыз көрген байқап қалдым жүрісіңді.
Сандалған сордан Сырға, мейман бала,
Айта отыр көңілдегі жұмысыңды.
Құлан:
Той болса шәйі киіп бұраңдайсың.
Тағат қып елеңдетпей тұра алмайсың.
Жұмысты көңілдегі айтар едім,
Бітіріп берер сыпат шыға алмайсың.
Перне:
Басым сұлу орамал ораған соң,
Қызық қой қызға жігіт жолаған соң.
Жұмысты неге ғана бітірмейін,
Адам деп адейі кен сұраған соң.
Құлан:
Келеді асты тәтті көлдегі тұз,
Аманат мал сияқты-ау сендегіміз.
Бітірсең оны, бикеш, өзің бітір,
Сандалтқан сордан Сырға өзіңдей қыз.


Перне:
Алманың көгін тастап, ағын жейсің,
Сен маған әкімбісің, бағын дейсің.
Сандалған сордан Сырға, мейман бала,
Айтсайшы жұмысыңды неғыл дейсің?
Құлан:
Күлгенге жұрт ыржиып күлесің бе,
Ер жеттің ғой, жаспын деп жүресің бе?
Келемін сордан Сырға сұлу таңдап,
Өмірлік жар боп маған тиесің бе?
Перне:
Ерлердің ағы сұлу ақырдағы.
Тек тұрмас өмірдегі шақылдағы.
Нан талап жүрген сорлы біреусің ғой,
Тигенім саған, сірә, мақұл-дағы.
Құлан:
Пернежан, көңілім толды сүйгеніңе,
Ешкім кінә арта алмас бұл жөнінде.
Таңертең тағы біреу айналдырар,
Кетейін сездірместен түнде бірге.
Перне:
Бар шығар шығанақта көңілді той,
Құлан-ау, саған көңіл сенімді ғой.
Мұны да ақылдасып бір қояйық,
Біреуден әкем жепті жүз жетпіс қой...
Құлан:
Бастаған мың жылқыны қайқы бие.
Бетіне қай қашқанның майлы күйе.


Жүз жетпіс қойға жаным арзымай ма
Бұралқы құрып берсем отыз түйе?
Перне:
Жасайды бақал сауда елтіріге,
Қыздар да қам жер ме екен сен тіріде?
Біреудің адал малын айдап беріп,
Дау артқың келіп жүр ме төркініме?!
Құлан:
Атымды ертең ерте егерлеймін,
Аяғын отқа қойсам шідерлеймін.
Отыз емес, қырық түйе ап кетсем де,
Даушыны сіздің елге жібермеймін.
Перне:
Көктемде жайдар божбан Қорған көлін,
Жақсының жақсы білер болжал жерін.
Бір медет көңілімізге болып қалсын,
Айтып кет ауылыңның қонған жерін.
Құлан:
Көктемде жайлар божбан Жұлдызқаққа,
Сұлу қыз келіспедің ынтымаққа.
Бұл жерде қай құдық деп сандалайын.
Әйтеуір, біздің ауыл Бұқар жақта.
Перне:
Божбайнның бір атасы Қожағұл-ды,
Құдайға иманды жан тоба қылды.
Жеріңнің онан өзге аты бар ма,
Жұлдыз бен естігенбіз Бозаныңды


Құлан:
Пернежан, кім сескенсін сіздің наздан,
Құтылып, көрші, қане, өнерпаздап.
Бір құдық сен сұрасаң мен айтайын —
Бізде бар Ащынияз, Алтынқалған.
Перне:
Көрмедім, Құлан ақын, сендей қуды,
Лебіңмен тартқандайсың тәтті буды.
Ызылып тұнық суда жатқан қызға
Ішкізейін деп пе едің ащы суды?
Құлан:
Пернежан, жерің бар ма сыр білмеген,
Жерің жоқ жөн сұрамай тындым деген.
Ащы емес біздің құдық шекер балдай
Ащы су бізден әрі Күлдір деген.
Перне:
Сөзімді, Құлан ақын, тамамдаймын,
Сен айтсаң жауап қатпай қала алмаймын.
Суыңды жолаушылар ащы дейді,
Деген соң бара алмаймын, бара алмаймын!
Құлан:
Пернежан, таныттың ба аңғалыңды,
Бұл жерде жалған сөзің аңғарылды.
Құдайға өтірікші дұшпан дейді,
Көрдім ғой көп алдында танғаныңды.
Малы жоқ қу кедей деп ойлап қалма,
Айдап алып келейін бар малымды!
Шыныменен сүйем десең сүйеріңмін,
Жүзеге асыратын арманыңды.





Пікір жазу