ХАЛЫҚТЫҢ МАЛЫН АЛДАП ЖЕП ЖҮРГЕН МОЛДАЛАРҒА
Дүние жаралғалы қанша заман,
Өтіпті неше талай келіп адам.
Біреулер момын болса, біреулер қу,
Біреуді біреу алдап, малын алған.
Солардың істерінің кейбірлері
Аңыз боп, ел аузында сөз боп қалған.
Естіген баяндайын соның бірін,
Көзбен мен көргенім жоқ, жалған-шынын.
Менің де ел аузынан есіткенім,
Жазайын қалдырмастан бірі-бірін.
Рас па, өтірік пе оқыған соң
Шамалап байқаңыздар сөздің түрін.
Көруге бір болғанмен адам түсі,
Бәрінің бірдей емес қайрат-күші.
Парқы бар аспан-жердің арасындай,
Жақсы менен жаманның қалған ісі.
Сипаты, сырты бірдей болғанменен
Жаранның қара жүрек, арам іші.
Істеген кей жаманның істері бар,
Көз көрмей сенбейтіндей айтса кісі.
Ақыры бірдей емес жанның бәрі,
Ілгері ел ішінде болып өткен
Бір болған білдірейін оқиғаны.
Адамның оқымаған әлі, уағы,
Сұлтан мен хан билеген, хан уағы.
Көз жұмбай айтса біреу нанатұғын
Адамның түк көрмеген аң уағы.
Сахара қазақ халқы көлді-шөлді жайлап,
Қолайлы малға жайлы қоныс сайлап.
Керекті азық, киім алу үшін
Қалаға барады екен малын айдап.
Базар жоқ, онда шөлдің арасында,
Керегін тауып, жинап алатынға.
Бір жолы мал айдаған бір топ қазақ
Қоныпты бір мешіттің қабатына.
Сол жерге қона жатып дем алыпты,
Тынығып күш-қуатты боп алыпты.
Таң ата түрегеліп, жүрем десе,
Малынан бір есегі жоғалыпты.
Жүгіріп есекті іздеп алаңдапты,
Дерек жоқ, ол шамадан таба алмапты.
Мешіттен азан айтқан дыбыс шықса,
Сескеніп оған жақын бара алмапты.
Асығып «намазға» деп бара жатқан,
Көрініп бір-екі адам қараңдапты.
Жүгірді: «Тоқтаңдар!» деп алдын кесіп,
Оларда: «Бұл қалай?» деп қалды сасып.
Деп айтты: – Жүрістерің сезікті екен,
Беймезгіл барасыңдар қайда кетіп?
Біз түнде бір есектен ажырадық,
Бір ұры ап кетіпті жібін шешіп.
Түріне жүрісіңнің қарағанда
Сендерден келдім, – деді, – күмән артып.
Сол үшін жолың тосып жүрмін, – деді,
Есегім семіз еді құрғыр, – деді.
Мына бір биік үйде түніменен
Айқай-шу боп жатты, үргін-сүргін, – деді.
Есекті солар сойып жеді ме деп,
Солардан қатты күмін қылдым, – деді.
Беймезгіл жүрісіңе қарағанда
Соған сен де серік деп білдім, – деді.
Бар еді, сол жерде екі дүмше молда,
Тәспі алып, аудармалап жүрген қолға.
Бағдаттың намазына бара жатып,
Кездескен солар еді бұған жолда.
Момындау адам болса айналдырып,
Жетелеп салушы еді оң мен солға.
Айламен дүниесін алдап алып,
Кездескен батушы еді әбден сорға.
Қазақтың аңқаулығын бұлар біліп,
Байқауға мына сөзді айтты тұрып:
– Ақылың адасқаннан амансың ба?
Құдайдың үйін тұрсың ұры қылып.
Қазағым, аузыңа қарап сөйле
Төбеңнен қап жүрмесін Құдай ұрып.
Сескеніп, қазақ сонда қалды сасып,
Көзіне жасы келіп, түсі қашып.
«Құдайдың анық үйі осы ма?» деп,
Анықтап молдалардан сұрады ашып.
– Құдайдың үйі осы анық, – деді,
Бұл үйге жұрттың бәрі қанық, – деді.
Жаратқаннан үйінің қайда екенін
Жансыңдар, білмей жүрген нағып? – деді.
Қазақ айтты: – Есекті қарамаймын,
Бәрібір іздегенмен таба алмаймын.
Анық осы Құдайдың үйі болса,
Құдайдың өзі берген есек еді,
Жүгенді де айтысып ала алмаймын.
Қоныппыз дәл үйінің жанына кеп,
Құдайдың бізге берген малы да көп.
Біздің де Құдайға айтқан малымыз бар
Басқа өмір, береке бер малыма – деп.
Үйіне Құдай болса келер едік,
Көп еді Құдайға айтқан малдарымыз
Әкеліп өз қолына берер едік.
Қазақтың аңқаулығын бұлар білді,
Малды естіп, көңіліне шайтан кірді.
«Сәске де Құдай үйде болады», – деп, –
Сол кезде келіңдер, – деп түсіндірді.
Асығып кетті қазақ: – Келеміз, – деп,
Дидарын нәсіп болса көреміз, – деп.
Атаған малымызды алып келіп,
Құдайдың өз қолына береміз, – деп.
Байқады екі молда халін мұның,
Айтқанын ойындағы бәрін мұның.
Шөлде өскен, түк білмейтін аңқау қазақ,
Алайық айламенен малын мұның.
Ойласты: – Намаздан біз қалайық, – деп,
Бір амал қарастырып табайық, – деп.
Жеткерді аң қазақты Құдай айдап,
Амалдап малын айдап алайық, – деп.
Құдайдың әкеп берген малдарынан
Бейғам боп, алмай босқа қалмайық, – деп.
Қазақ малды әкелуге кетті жөнеп,
Жатқан жоқ, ешкімді де ешкім елеп.
Екі молда мешітке бұрын келіп,
Отырды форма киіп жұрттан бөлек.
Бірі Құдай, біреуі періште боп,
Отырды бөлекше боп елден ерек.
Орнынан қазақтарда тұрды жайлап,
Асығып нандарын жеп, шайын шайлап.
Он бір қазақ: «Құдайға барайық» деп,
Түйеден сегіз түйе алды сайлап.
Сегіз түйе, жиырма қойын айдап,
Малдың даусын естіп екі молда,
Қуанып отырды іштен: «Я, Құдайлап!»
Мешіттің есігіне алып келіп,
Малдарын айқастырып қойды байлап.
Ішке кіріп, Құдайға сәлем берді,
Сескеніп, дыбысынан әрең келді.
Біреуі біреуіне сыбырласып
«Қорқып, ұшып барады зәрем», – деді.
Құрметтеп тәжім етті, басын иіп,
Бастары еңкейгенде жерге тиіп.
«Ой, садағаң кетейін, жарықтық! – деп, –
Құлдық», – деп тәуеп қып жүр, қолын сүйіп.
Молда да «анық Құдай деп қалсын», – деп,
Сыздаусып қарап қойды қабақ түйіп.
Біреуі үн шығарып бастады сөз:
– Құдая даргаһыңа болдық, – деп, – кез.
Сегіз түйе, жиырма қой әкелдік,
Тапсырамыз қолыңа алсаңыз тез.
Отырмыз дидарласып алдыңызда,
Аралап шөл жаққа да бардыңыз ба?
Сізге арнап молдаларға көп мал бердік,
Соларды қолыңызға алдыңыз ба?
Ол айтты: – Ел атаған Құдайы көп,
Қолыма көпшілігі тимейді кеп.
Молда менен қожаға бергеніңді,
Қояды көпшілігі өздері жеп, –
Деп айтты: – Малды беріп қор қылмаңдар,
Әйтеуір молда менен қожа екен деп.
Молданың барлығына сенбеңіздер,
Олардың бәрін бірдей көрмеңіздер.
Осы жерде «Жөрген» деген бір молда бар,
Соған жібер, басқаға бермеңіздер.
Қазақтар айтты: – Мұның ақыл, – деді,
Құдайы айтпай тұрмаймыз ақыр, – деді.
Молда мен қожа болса малды беріп,
Көп малды жіберіппіз қапыл, – деді.
Жыл сайын Жөргенге әкеп тапсыруға,
Барлығы бірауыздан мақұл, – деді.
Бірі айтты: – ... атыңнан да,
Кетірмей жүрсің бақты басымнан да.
Ырзамын мал да бердің, бас та бердің,
Сұлулы қылдың және қатыннан да.
Құдай айтты: – Бергенді білдің, – деді,
Ертелі-кеш құлшылық қып тұрдың, – деді.
Беріліп құлшылығы жаққандарды
Өзіңдей қып жарылқап жүрмін, – деді.
Ішінен сақтағаным аман қалар,
«Қырық жерден болғанмен қырғын», – деді.
Бір қазақ үрейленіп иіп басын,
Көзінен сорғалатып төгіп жасын:
– Мал менен салтанатты сұрамаймын,
Болмады ең болмаса ішер асым.
Туғаннан кедей қылып, көзімді ашпай,
Өксіді қорлықпенен өмір жасым.
Мынаны, мал мен басқа қарық қылдың,
Ал, менің жастайымнан шешемді алып,
Мені жетім, әкемді ғаріп қылдың.
Ең болмаса, жарытпай ішер асқа,
Қысымға алып өлердей тарықтырдың.
Әкемді зар жылатып көзін ашпай,
Ақыры қорлықпенен алып тындың.
Азаптың бәрін бізге бердің тізіп,
Қайғының теңізінде жүрдік жүзіп.
Осынша қыр соңымнан қалмағандай,
Мен сенің қойып ем, – деп, – неңді бұзып?
Осыны айтып қасына барып қалды,
Жағадан буындырып алып қалды.
Қамшының өрімінен ұстап тұрып,
Қақбастан үш мәртебе салып қалды.
Басы үш жерден жарылып жараланды,
Жыртылып киімдері, параланды.
Екі молда мешіттен шыға қашып,
Басынан тамшылатып қара қанды.
Әр қайсысы бір ұрып, ортаға алып,
Көк ала қойдай қылып, сабап алды.
«Құдайға киім кию не керек?» деп,
Кимін шешіндіріп талап алды.
Молданы ләпсі жеңіп, аранын ашып,
Мал үшін Құдай болып, қара басып.
Қазақтың малын алдап алу түгіл,
Ап қалды, жанын зорға ала қашып.
Сыныпты бір аяғы орға құлап,
Алақтап қашып кетіп бара жатып.
Жанына батып қазақ сабағаны,
Босқа таяқ жеп, малды ала алмады.
«Сұраса не деп жауап айтамыз?» деп,
Ешкімге мұңын айтып шаға алмады.
«Қай жақтан жараландың?» деп айта ма деп,
Адамға көріне алмай паналады.
Тоқтай алмай ләпсінің тіліне ерді,
Таяқ жеп, жараланып, азап көрді.
«Қулығы басын жарар» деген мақал,
Дүниеқор молдаларға тура келді.
Малды айдап кетті қазақ базарына,
Қуларды біраз ұрып, сабады да.
Молдалар сыбағасын толық алды,
Лайық, істеп жүрген амалына.
Біреуді алдап алмақ болғандардың,
Пайдасы жетпей қалды залалына.
«Не ексең, соны орарсың» деген сөзді,
Жақсылар, ап жүріңдер хабарыңа