15.06.2022
  219


Автор: Құлан Алдабергенұлы

НАРЫНБАЙҒА

Әликумассалам, ер Нарынбай!
Жалғаннан өткен жан жоқ бір тарынбай.
Муапық, мәртебеңе бекін, ерім,
Алашқа азамат ең бір сарынды-ай.
Қашырдың өз қолыңнан арманың жоқ,
Алдынан аң кетпеген сұңқарыңды-ай.
Тоймаған қызығына көңіл ашық,
Шараң не, алды Құдай Іңкәріңді-ай!
Құдайға сол сияқты не көрсеттің,
Қисайтпай жүрген кезде бір парыңды-ай.
От пенен жел, су, топырақ төртеуінен,
Баласы адамзаттың нәсілі лай.
Барғанша сол лайға тағы қайта,
Пәнда жүр тынысы бір тынши алмай.
Қорқады жеті тозақ шын ашықтан,
Бал іштің Құдай сүйіп жез қасықтан.
Қайтер ең көп кедейдің бірі қылса,
Сирағың шығып жатқан лашықтан.
Қайтер ең көп кедейдің бір қылса,
Қуарған қатқан көңдей сірі қылса.
Нарынбай, сонда да екеу бола алмайсың,
Балаңды алжығанша тірі қылса.
Құдайға қоятұғын кінәң қайсы?
Мал-басқа қарашадан ірі қылса.
Құдайға мұнан артық не қыл дейсің,
Жаз қымыз, қысты күні семіз жейсің.


Шыдарсың, жомарт болсаң қайғысына,
Балам, нәмат болсаң күй күйлейсің.
Бола ма кедей өлсе, байлар қалып,
Айтқаным өртенсең де ішің жанып.
Марқұмның Әбдірахман тірісінде,
Жосыдың қызыл судай көңілің тасып.
Жүрегің қунышқа жарылған жоқ,
Наматсың қайғысына кетсең жасып.





Пікір жазу