15.06.2022
  190


Автор: Құлан Алдабергенұлы

ҚҰЛАН АҚЫННЫҢ НАРЫНБАЙ БИГЕ АЙТҚАНЫ

Нарынбай бидің үйіне бесін уақытында Құлан ақын
шөлдеп келсе керек. Бидің әйелінен сусын сұрайды. Алдымен су береді, оны ақын қайтарады. Онан соң күбідегі
ашып кеткен піскен айранды береді. Оны да ішпей: «Шай
әкел?» – дейді ақын. Әйел көктіс, қантсыз шай береді.
Құлан ақын Нарныбайдың келуін күтеді. Ол келіп,
есіктен кіре бергенде, ақын сарнап қоя берген екен:



– Ассалаумағалейкум, би, Нарынбай!
Жігітке бітсе дәулет көңілі жай.
Өлгенде сүйегіңмен бірге кетер,
Шекерсіз бесінде ішкен үш кесе шай.
Ерінің мәртебесін ойламаған
Тексіз ит көргенім жоқ бұрын мұндай.
Ері патша, әйелі уәзіріндей,
Бұл келін көргендінің қызы болса,
Тұрмай ма айтқаныңды екі қылмай.
Әуелі осы сөзім қайдан шықты,
Шекерсіз, бесінде ішкен шайдан шықты.
Намыссыз, оразасыз нас қатыннан
Ғалымдар: «Жақсы, – дейді, – сұр қаншықты».
Не керек ит пен құспен өмір сүріп,
Қысырдан таппадың ба саз балшықты.
Бағыңа мұндай әйел лайық емес,
Әйтеуір, болғайсың-ақ қойның құтты.
Шүңірек көз, орақ мұрын, қотыр келін,
Шошаңдап тұра бермей отыр, келін.
Әкесі бұл келіннің Кекіл деген,


Белбауы өмірінде бекімеген.
Көргенсіз әкесі де бір ит еді,
Түңілігін жауып қойып, етін жеген.
Қисап жоқ, Науан, саған берген баққа,
Жабы шіркін пар келмес арғымаққа.
Дүние, қазынадан жетер деймін,
Көргенсіз ер қадірін қайдан білсін,
Сөйлемесем болар ма түртіп шапқа.
Бұл сөзді мен айтпасам кім айтады,
Ағаңның насихатын ал, құлаққа!
Құланның сөзі түрткі болып, би көргенді, текті жерден
қыз алған екен





Пікір жазу