15.06.2022
  178


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ШАШУБАЙ МЕН ҚАСҚЫРДЫҢ АЙТЫСЫ

Шашубай қақпан салып қасқыр, түлкі аулайды.
Шашекең өмірінде беті қайтпаған адам ғой, бір күні
қақпанға түскен қасқырды тірідей қалаға айдап келе
жатқанында, қасқыр Шашубайға атылады. Екеуі алысады. Қасқыр Шашекеңді талап, жарақаттайды. Бұның
үстіне бір қызметкер кездесіп, қасқырды атып өлтіреді.
Бір күні Шашубай тағы да қақпан құрып, бір қасқыр
ұстайды. Қасқырды өлтірмей тұрып, қасқырмен айтысады. Кейінгі ұстаған қасқырын алдында өзін талаған
арланның қаншығы етіп көрсетеді:
Шашубай:
Қасеке, амансың ба, жақсы күйде?
Көз қызартпай қонақ бол біздің үйге,
Бас берем, балық берем, тойғызамын,
Тоймасаң тауық, қоян сойғызамын:
Көрмегенді көресің қызық дүние!
Қасқыр:
Сөзіңе иланбаймын шалым деді,
Бетіңде жоқ тырнақтай арың деді.
Қайда апарып сойдың сен әнеу күнгі,
Жоғалды менің жолдас жарым деді.
Шашубай, құлағыңа барған жоқ па,
Жар жоқтап жылағанда зарым деді,
Мен сені, сірә тірі жібермеймін,
Аянба, күшің болса, барың деді.
Әне, анау екі балам тұр жолды тосып,
Жақында, сөйлесейік көңіл қосып.
Қақпан шотты таста да бермен келгін,


Тағы ұрар деп, мен тұрмын денем шошып.
Мына бәле, көз жібер, кімнен болды?
Қар үстінде жатыр ғой қаным жосып.
Хабарыңды есіткен қанша қасқыр,
Бөрліден тұра алмастан кетті босып,
Қақпан салып ұстаттың аяғымды,
Қақпан, шот, қыстырып ап таяғыңды,
Бала-шаға жеп кеткен бір атыңды,
Қу шал, соны қуып келдің бе баяғыңды.
Соңыма түсіп алдың сауысқандай,
Әкеңіз Қошекеңді өлтіргем жоқ,
Түбіңде адал, қандай, арам қандай,
Жылқы алып жесір кетіп шабысқандай,
Жеті атаңның құны бар ма, байымды өлтіріп,
Өзімнің аяғыма қақпан сап, қан алғандай.
Мойныңды бір-ақ бұрап соғар едім,
Аяғым ісіп кетті, темір тікен қадалғандай.
Шашубай:
«Ауыл арасында бос оттап жүрген боз ат үйге келе
жатқанда, төрт балаң, байың – алтауың жабылып жолдан ұстап жеп қойғаныңды білесің бе?» - деп қасқырға
төндіре айтады да, былай дейді:
Сот астынан ат жедің жаяу тастап,
Алтау болып келдің де ханша бастап.
Ол-ол ма, сен аз ғана қойым қырып,
Өзің дауды көбейттің бәле бастап.
«Өткен іске өкінбе» деген сөз бар,
Маған да ұятырақ айып ашпақ.
Мойныңа алсаң, қылмысың осы емес пе,
Ақсақалдың бетіне таңба баспақ.
Боз аттың құны үшін салдым қақпан,


Тұлпар еді су ішпеген ылай-қақтан,
Жалғыз ат жан сақтауға өлең айтып,
Әр жерден жүріс қылып ақша тапқан.
Сенің байың, балаң жеді деп естіген соң,
Әдейі іздеп келдім Арқа жақтан.
Қасқыр:
Үстіңде түрі жаман киген тоның,
Сенің өлмей жүргенің менің сорым.
Түсіңді жылытқансып жақындама,
Тағы ұрам деп келеді арғы қолың.
Білемін байымды сен тірі сойдың,
Әсте, есімнен кетпейді сенің соның.
Ел-жұртың еркелеткен антұрған шал,
Түбінде түзеледі-ау жұлдызың оң.
Аяғымдағы алсаңшы қақпаныңды
Жіберместей берік ұстап шапқаныңды.
Қызығына берместен тығып қойдың,
Жасырып қызыл түлкі тапқаныңды.
Бұлт жамылған мұз балақ кәрі бүркіт,
Қаңтар мен керек қылмай ақпаныңды.
Қақпаныңды ал дағы босат мені,
Әкетейін наз қылып шаққанымды.
Шашубай:
Неге мұнша сөгесің, ақсақ бөрі,
Қонақ қып жіберейін үйге сені,
Болғанда сен бір бөрі, мен бір сері,
Жай алмайсың, жолдасым дию – пері.
Атты ұмытып кеткенде, қойды қырып,
Сізде үлкен өкпем бар содан бері.
Қасқыр көрсең, терісін ала бер деп,


Жұмсады үкіметім әдей мені.
Ақырет қарыз қылмай ақыны бер,
Май құйрықты жедің ғой, еттің сөлі,
Етіңді жеп, сорпаңды ұрттамаймын,
Үстіңнен құтыласың қас қылмай-ақ
Оқ тие ме өкпеңнен жүрсең тегі?
Толқын ұрып шығарған балық көп қой,
Жағалап жүрсең жортып Балқаш көлі,
Түнде кеп сүзекіден балық жейсің,
Балықты өтірік емес анық жейсің.
Балықта қылтық та бар, қыбыр да бар,
Таза етті ішіндегі танып жейсің.
Күзетшіні ұйықтатып түн болған соң,
Айырып семіз сазанды алып жейсің.
Қасқыр:
Қасқыр менен түлкіге болдың қастан,
Заң бар ма, өлсін деген қасқыр аштан?
Балық жемей, не жейін биылғы жыл,
Қар қалың, тышқан құрып, қарным ашқан.
Жегенді төлер болсаң өзің төле,
Қырғыз, қазақтан жеп едің он үш жастан.
Базар күні гармоньдап құбыласың,
Әлі көңілің бар ма еді қиғаш қастан?
Сенің теңің кемпір ғой, Шашубай шал,
Құржиған дудардай бас, үрпиген шаш.
Мал айтсаң да түспейді қиылған қас,
Гармонь тартып құбылып болмағын мас.
Сені не қылсын, айтшы, өзің кейінгі жас?
Шашубай:
Дудар басты алмаймын, кемпір мыстан,
Сондай кемпір адамға болған дұшпан.


Қуанышым қойнымда қыз алғандай,
Қадірлейді бұл күнде Қазақстан.
Бір кемпір ап, қадірлеп сыйлап едім,
Денем үйір болған соң қимап едім,
Жаяу жүріп, көп шаршап, қақпан салып,
Асыраймын деп жанымды қинар едім.
Бәтіш деген кетіп еді менен кемпір,
Шамаң келсе, қасыма жасты келтір.
Құлақ күйін домбыра жаңылып қалсам,
Жер үстінде, бар қасқыр, талап өлтір.
Қасқыр:
Сұлу әйел, қасқырға құмарландың,
Сері болып үш боз ат тұмарладың.
Жеті ай жатып, түрмеде Арқаға өтіп,
Тағы келіп бөрліні шұбарладың.
Прокурор мен сот та айтты тыныш жүр деп,
Оныменен, пері соққан, тіл алмадың.
Қақ биыл сені тірі қоймаушы едім,
Бөрліде қоныс тауып тұра алмадың.
Қызыл түлкі бермейсің қазынаға,
Ұрлап тығып қойныңа жұмарладың,
Екі жылда он жеті қасқыр алдың,
Бергенін де білмейсің бір алланың.
Ұстап алып, Шашубай, түбіме жеттің,
Өлтірдің де, байымды, өкпелеттің.
Біздің жеген бір атты сонша қуып,
Түбі оң көзі боласың –ау үкіметтің.
Шашубай:
Теріңді алсам, етіңді жейді ұзақ, қарға,
Қақпан сап жаяу жүрмін қалың қарда.
Қойды қырып, атымды жеп кетіп ең,


Ұялмайсың, бетіңде арың бар ма?
Қылғаныңды айтады қызыл тілім,
Бойыңдағы білмейсің үлкен мінің,
Теріңді сойып алуға көңілім кетті,
Дәм-тұзың таусылар тақ бүгін күнің.
Қасқыр:
Ой дариға-ай, қадірін білмейді екен Садыр, Найман,
Байлық, бектік кетпеген Қаптағайдан.
Менің сорым төрт елі арылмаған,
Есің танбай Арқадан келдің қайдан.
Келе жатқан жолаушы айтып еді,
«Тірі келсе сақтан» деп Шашубайдан.
Байды өлтіріп Дулатқа ауып едің,
Содан бері істегенің бәрі майдан.
Ақыр өлдім, енді ісің алға басар,
Қазақстан көтерер Арғын-Найман.
Шашубай:
Шал едім күшке кірген күн-күн сайын,
Қас қылсаң, қарсыласып, күшің дайын.
Қоржиған шал дедің де, атын жедің,
Үкімет кәдірленген Шашубайдың.
Бұл жүргенім өзіме күнде күлік,
Қасқыр мен түлкіге салдым бүлік,
Сөзіңді қой, өлтірем, теріңді алам,
Бүркіттей боп кетті ғой көзім тұнып –
деп, Шашубай қасқырды өлтіріп, сойып жатқанда,
қасқырдың екі бөлтірігі жақындап келе жатады. Сонда
Шашубай айтады:
Келе жатыр екеуі бір-бір басып,
Біреуіне-біреуі ақылдасып.


Екеуін көрсе-дағы бұл Шашубай
Шешесін соя берді қорықпай сасып.
Ақылы, айласы көп антұрған деп,
Бөлтіріктер жоламай кетті қашып.
Терісін сойып алып бұл Шашекең,
Түнде келді үйіне бір-бір басып.





Пікір жазу