ҚАМБАР
(Дастан)
Алпыс үйлі Арғын, жетпіс үйлі Жебір, тоқсан үйлі Тобыр, он сан үйлі Оят, қырық сан үйлі Қыят - соның бәрін
асыраушы Қамбар деген қара қасқа атты бір ер бар.
Сөйле дейсің біздерге,
Не сөйлейін сіздерге?
Сырдың бойы жақсы екен,
Шаруалы байы күздерге.
Алыста жүрсең, ағайын,
Қандай жақсы сағынып,
Ат арытып іздерге.
Сөйлейін, тыңда сөзімді,
Өлім келсе, бір жауың,
Шыбындай жанды шырқыратып,
Алар да кетер бір күні.
Ақ төстерін аңқайтып,
Аққу құс қайтар күз күні.
Кімнің малы бар болса,
Аямайды қарындас,
Қырық күн шілде, жаз күні.
Бұрынғы өткен заманда,
Ер Қамбар деген бар екен,
Тыңдасаңыз халайық,
Көпке дәмді ылайық,
Сөйлейін сізге ұғынсаң,
Солардан қалған сөзімді.
Сонау бір өткен заманда,
Әзімбай деген бай болған.
Төрт-түлігі сай болған,
Ішкендерін сұрасаң,
Шекер менен бал болған.
Жегендерін сұрасаң,
Жая менен жал болған.
Байлығы шалқар көл еді,
Көп ноғайдың бегі еді.
Алты ұлы бар еді,
Бәрі бірдей бөрі еді.
Ең кенжесін айтайын,
Қамалға шапқан бір батыр,
Алшы мырза дер еді.
Алты ұлының ішінде
Назым атты жалғыз қыз
Нұр қызымен тең еді.
Жауған қардан ақ қылды,
Қыз Назымның еттерін,
Пердесін ашып көрмеген,
Еш бір бенде беттерін.
Ауызбен айтып болмайд,
Сонша сұлу көріктерін.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Күймеден басқа нәрсені,
Жорға екен деп мінбеген.
Торқадан басқа нәрсені,
Тон екен деп кимеген.
Шықпаған өзі сайынға,
Салмаған көзін ойынға.
Тыңдасаңыз. көпшілік,
Айтайын Назым жайынан.
Емін-еркін ер жетті,
Күйеуге бермей күн өтті,
Алтын күйме ішінде,
Аққу құстай түлетті.
Әзімбай уәзірлерімен ақылдасып, он екі баулы өзбек,
он сан үйлі Ормамбет бәрін той қылып шақырмақшы болады. Сол тойда қызын қалағанына қалыңсыз қоспақ болады. Той болады. Жиналған жұрт пәуескемен аралап жүр.
Ат шаптырды Әзімбай
Он екі баулы өзбекке.
Ат кекілін өрмекке.
Қосамын деді Назымды,
Сүйгеніне бермекке.
Әзімбайдың тойына
Көп те кетіп барады.
Бек те кетіп барады,
Алаңғасар, әңгүдік
Текке кетіп барады.
Көп те кетіп барады,
Аз да кетіп барады.
Самайына бит аққан
Таз да кетіп барады.
Жетсе Назымды алғалы,
Хан тойына барғалы.
Амалы бар ма кедейдің
Көп борышқа қалғалы.
***
Әзімбай тұрып ақырды,
Жел маядай бақырды.
Жар да салды қызына:
Сүйгеніңе барғын деп.
Шілия, қамыт, доғасын
Пәуескеге салғын деп,
Жиылып жатқан халыққа
Сол уақытта барғын деп.
Ауылда тұрып қыз Назым
Қудай мойнын толғайды.
Жиылып жатқан халыққа
Барайын деп Назым ойлайды.
Шілия, қамыт, доғасы,
Алтын зере жағасы,
Доғасын алтын жездеткен,
Қызметшісі тез жеткен.
Киіп алып қос манат,
Жегіп алып қос қара ат,
Жөнелді сонда қыз Назым.
***
Белде-белде бел асар,
Ерлерге садақ жарасар.
Сәскеде келген қыз Назым,
Бесінге дейін аралап,
Мырзаларын саралап,
Он екі баулы өзбектен
Таба алмады миәсар.
Жамандарға көз салса,
Даңғыл жолдан адасар.
Атағым кеткен алысқа,
Ноғай менен қазаққа,
Даңқым жеткен алашқа
Мұсылман аз, кәпір көп,
Бір күні келсе бетпақ жау,
Шауып шығар бір ер жоқ,
Жекпе-жек деп төбеге
Сынап тұрсам, апырмау!
***
Ел жиналған бетпақта
Айдалада төбеде,
Шауып шығар бір ер жоқ,
Жекпе-жектеп төбеге.
Еш теңдікке алмаймын
Бай баласы дегенмен.
Жаманға көзім салмаймын, -
Ақылсыз туған немеге.
Әзімбай бұған бөгелді,
Бір сөз айтып кенелді.
Сұлу туған қыз Назым,
Туған айдай толықсып,
Сар сазандай бұлықсып,
Құнан қойдай бой тастап,
Бәйгі атындай ойқастап,
Ауылға қарап жөнелді.
Бесін шағы болғанда,
Қайтайын деп тұрғанда,
Әзімбайдың әкесі,
Қызына қарап бір жауап,
Сол уақытта айтқаны:
− Келсін дедім, шырағым,
Он екі баулы өзбекті.
Ағылған шаһар қалаға,
Көрсін дедім, қарағым,
Өзіңдей ардақтап өскен балаға,
Мұныменен халқымды
Жақтырмасаң түбінде.
Ішің толар санаға.
***
Әзімбай асқан ақылды,
Жолбарыстай ақырды,
Он екі баулы өзбекте,
Он сан үйлі Ормамбетте,
Келмеген тойға кім бар деп,
Шақырушыны шақырды.
***
Cонда шақырушы сөйлейді:
Төрт аяқты біз көрдік,
Қара тұлпар малдарды.
Өңшең кедей: кемпір менен шалдарды,
Шақырғанмен келмес деп,
Әзімбай қызын бермес деп,
Кедей деп Назым тимес деп,
Шақырмадым бұл тойға
Өңшең кедейді асырап жатқан
Жалғыз қара қасқа атты Қамбарды.
Ақ сұңқар құстай алыпты,
Дұшпаннан алған намысты,
Ит жүгіріп құс салып,
Жердің аңын тауысты,
Бермен қарап көңілі ауысты
Қамбар кедей дегенің,
Ел құлағы елуде,
Есіткен екен батыр дауысты.
Кедейліктің зарпынан
Көңілінде бар арманы.
Қынабы алтын көк алмас,
Аш беліне салғаны.
Қайырған қара бүркіттей,
Тұғырына қонғаны.
Әзімбайдың еліне,
Шалқып жатқан көліне
Қамбар қиял ойлады.
Атын мінді алдырып,
Ұйқысын алды қандырып,
Қара қасқа тұлпарын
Таң астырып шаптырды.
Ащы тері шықсын деп,
Аяғына шідер тақтырды.
Жолдасына сенбеді,
Шешесіне бақтырды.
Ит жүгіртіп, құс салған,
Өлмеске қылған амалын,
Асырап жатқан көп тобыр
Өңшең ғарып жаманын.
***
Желігіп жауға мен кеттім.
Қарамастай артыма,
Қайғы түссе басыма,
Қандай болар дариға-ай
Қайран шолақ заманым?
Екі кісі ұрысса,
Ердің ісі жөн келер.
Қаса батыр майданда
Диірмендей дөңгелер.
Ноғайлыға барамын,
Барып бүлік саламын.
Өнерді, сірә, көрсетіп,
Бұйрық болса Назымды
Жолдас қылып аламын.
Байлаулы тұрған тұлпардың
Басын жолға саламын.
Тілеулес болып тұрыңдар,
Алпыс үйлі Арғында
Жетпіс үйлі Жебірде,
Ақ жаулықты жеңгелер,
Жалғыз туған баламыз,
Кедей деген қу сөзі,
Зарығып көрген анамыз.
Сүйегімнен өткен соң,
Жеті атама жеткен соң,
Дұрыстап бата бере көр.
***
Сонда анасы сөйлейді:
Шүленгерім, мергенім,
Көзім ашып көргенім,
Алдыңда сенің ағаң жоқ,
Артыңда сенің інің жоқ,
Інісіз аға күні жоқ,
Көп тобырдың бірінің
Көрмедім саған жасымнан,
Жолдас боп, сірә ергенін.
Шөл иесі, Қамбар-ау,
Көл иесі, Қамбар-ау.
Жалғызыңа көз сал-ау.
Рахым қылсаң, құдірет,
Сенен басқа нем бар-ау!
Адасса, жолға салып жүр,
Сүрінсе, қолдан алып жүр.
Бәлекет келсе, қағып жүр,
Қосақтап қойдай бағып жүр.
Бір сұлуға шақырған
Я, әзіреті ер сұлтан,
Рахым етіп сен тұрсаң,
Баба түкті шашты Әзіз,
Жалғызым, сені соған тапсырдым!
***
Пыстанды тартпа жүгендеп,
Ел-жұртымен қоштасып,
Бірін қоймай түгендеп,
Арқаға тоқым салады.
Мініп Қамбар алады.
Жел тимеген сауырына,
Күн тимеген бауырына,
Орай қамшы салады.
Ақ білектің зарпынан,
Тау жаңғырығып қалады.
Бурыл ала бұлттың
Арасымен тұлпары
Сонда кетіп барады.
Томарша көрсе, ырғытып,
Жабындымен сырғытып,
Жердің аңын үркітіп,
Сонда кетіп барады.
Жер бауыры тартылып,
Текше қырдан артылып,
Қара қасқа тұлпарға
Салып келеді өкімді.
Қызғаннан соң тұлпары
Тау мен тастан секірді,
Айтқаным бекер болмаса,
Әйкелді қыз манағы
Таң намазы алдында,
Алтын құмған қолында,
Балалы қаздай байпаңдап,
Дуадақ құстай шайқаңдап,
Иығына ішік жамылып,
Беті қып-қызыл оттай жағынып,
Әйкел тұмар тағынып,
Дәретке шыққан секілді,
Сұлулығын айтайын:
Бұхар барсаң, қолаң бар. –
Қолаңды көр де, шашын көр.
Ұстаға барсаң, қасында
Зергерлер соққан түйме бар, −
Түймені көр де, басын көр.
Молда барсаң қасында,
Қыюлы жатқан қалам бар. –
Қаламды көр де, қасын көр
Әр шаһар барсаң, қасында
Құрулы тұрған күзгі бар, −
Күзгіні көр де, көзін көр.
Самарқан барсаң, сандал бар, −
Cандалды көр де, тісін көр.
Ұстаға барсаң, қасында
Тартулы жатқан сымдар бар, −
Cымды көр де, қолын көр.
Тоғайға барсаң, ішінде
Домаланған қоян бар, −
Қоянды көр де, жонын көр.
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де, етін көр,
Қар үстінде қан тамар,
Қанды көр де, бетін көр.
Қанша сұлу дегенмен,
Ауызбен айтып болмайды.
Келе жатқан Қамбарды
«Мынау кім?» деп ойлайды.
Аш белдерін қынады,
Ер екенін сынады.
Қыя тастың талындай,
Бұрала басып қыз Назым
Ғашық болып тұрады.
***
Қара қасқа атты, Қамбар-ау,
Қара атыңда жал бар-ау.
Біздің үйге түсе кет...
Шай самауырын іше кет,
Сізді күтіп алғандай,
Біз байғұста әл бар-ау,
Ақ төсімнің үстінде
Қол тимеген бал бар-ау,
Біздің үйге түспесең,
Шай самауырын ішпесең,
Тағы болып барасың,
Жалаң бұт өскен заңғар-ау!
***
Қамбар тартып жөнелді,
Қара қасқа тұлпары.
Аш күзендей бүгіліп,
Артынан келед қыз Назым,
Жете алмай қалды жүгіріп.
Ақ өткелден өткенде
Өте шықты ер Қамбар.
Үзеңгісі суға шомылып,
Ар жаққа шығып шешінді,
Қызға салды кесірді.
Отыра қалып қыз сонда
Жерге салды тепкіні.
Қамбарға артты өкпені.
- Қарамастай өзіме,
Қайырылмастай жүзіме,
Ақ бетіме салдың ба,
Қап-қара қып сепкіні?
Сол уақытта Назымның
Алтау еді пердесі,
Пердесін қолға салады,
Өзіне-өзі қызығып
Талып түсіп қалады.
Сұлулығы сонша екен.
Алты құлаш ақ өрмек
Жолына Қамбар құрады.
Жолын тосып қыз Назым
Даярланып тұрады.
Біреуіне иіртіп,
Біреуіне жүгіртіп,
Арқауын ұстап өзі отыр:
Белі бұраң көрінер,
Қыя тастың талындай,
Түрген балтыр көрінер,
Қашқан бөкен таңындай.
Қасы қара көрінер,
Құралайдың көзіндей.
Екі емшегі көрінер,
Тау қайыңның безіндей.
Қара қасқа тұлпардың
Маңдайында бармақтай ғана ағы бар,
Құдайдың берген Қамбарға
Мың біткеннен көбірек бағы бар.
Келетұғын Қамбардың
Кешкітұрым шағы бар.
Оң жағында бес құлан,
Сол жағында бес құлан,
Арыстан, аю теңдеген,
Атып алған аңы бар.
Қызыл алтай бір түлкі
Тымақтығы тағы бар.
Сипай-сипай қамшылап
Аққан тері тамшылап,
Былқ-сылқ етіп келеді.
Ешнәрсені ескермей,
Сері туған Қамбардың
Астындағы тұлпары
Тұқыра басып желеді.
Жаратылған осындай
Өнерлі туған жануар.
Алдынан құрған қыз Назым,
Алты құлаш өрмекті.
Өрмек құрған мәнісі:
Ғашық болып қыз Назым
Ерлігіне еңкейіп,
Дидарын сірә көрмекті.
Ат үстінен ер Қамбар
Тасты кескен көк алмас
Сілтеген жері құр қалмас,
Өрмекті келіп сермепті,
Балалы арқар баурайды,
Баласыз арқар маңырайды.
Еңбек қып құрған өрмегін
Қамбар келіп қиған соң,
Қыз Назым жылап аңырайды:
-Ай, қара қасқа атты, Қамбар-ау,
Неге біздің үйге түспейсің?
Дәмді тағам қолымнан
Неге түсіп, ішпейсің?
Сізді күтіп алғандай
Біз байғұста әл бар-ау.
Алды-артыңды сынасам,
Сізде бір арылмай жүрген сор бар-ау!
Көп тобырдың ішінде
Құлан менен бұланды
Аулаймын деп бетімен
Кете берген, ер Қамбар,
Айтпасам,өзің білмейсің,
Ашпасам, көзің көрмейсің,
Жалаң бұт өскен заңғар-ау!
Ақ өткелдің ар жағы
Жайнап жатқан қызыл тас,
Көп тобырда сен едің
Тасты кескен бір алмас.
Он сегізде, Қамбар жас,
Кез болды Назым қалам қас
Затымды әйел демесең,
Меніменен ақыл қос.
Бір күні келер кәпір нас.
Өтеп оқып өтесің,
Бес намаздың қазасын.
Сынап тұрып таныдым
Сүйегіңнің тазасын.
Мұсылман аз, кәпір көп,
Бір күні келер бетпақ жау.
Берер деп ем ерлікпен
Сол дұшпанның жазасын!
Сонда Қамбар айтады:
-Атаң сенің текті еді,
Ноғайдың бәрі бекті еді,
Тоқсан тобыр кедейдің
Қаңғып барып біреуі
Еліңнен тамақ жеп пе еді?
Өзімді кедей дегенің –
Жеті қабат жеті атам
Сүйегімнен өтті енді.
Сіз сияқты сұлуды
Кәпір алса олжаға,
Мінгізіп алса арбаға,
Арманым сонда біткені.
Шағанның бойын шаңдатып,
Ат бауырынан қандатып,
Құмарым сонда тарқар ед,
Айырып алсам тек сені.
Алқисса, Қамбар еліне кетті, қыз үйіне кетті. Қыз жылап қалды.
Ат шаба алмас құмаққа,
Ерлер атын суарар.
Ылайы жоқ бұлаққа.
Қыз Назымның хабары
Қалмақтың ханы Мақтымның
Тиген екен құлаққа.
Мақтым елін жинайды да, маған қызын берсін деп,
тоғыз қалмаққа басшы қып Кедей ұлы Келмембетті Әзімбайға жібереді. Бұлар күн-түн қатып жүріп
Әзімбайға келіп сөйлеседі.
Мақтым қылған кеңесті,
Ат құлағын тігісті,
Таң мезгілі болғанда
Әзімбайдың ауылына
Келді дағы сөйлесті.
Ақарал шаһар қаласы,
Үйден шығып сөйлесті.
Әзімбайдың бір ортаншы баласы:
-Уа, ол болсын, ол болсын,
Қасыңдағы жолдасың
Қалмақтан шыққан құл болсын,
Жөн сұраймын сіздерден,
Бетіңді айтқын, жол болсын!
Сонда Келмембет:
Және сөзім және бар
Жантақты жерде сона бар,
Әзімбайдың сұлу қызы бар.
Қалап келген бала бар.
Алтын жабдық сізде бар,
Арғымақ ат бізде бар,
Жаптыртқалы келгенмін.
Мақтым ханның жарлығын
Жақтыртқалы келгенмін.
Қыз Назымды бермесең,
Ханымды қабыл көрмесең,
Он екі баулы өзбекті
Шаптыртқалы келгенмін.
Піскен қауын сізде бар,
Тілдіргелі келгенмін.
Қоңыр үйрек сізде бар,
Ақ тұйғын құс бізде бар.
Ілдіргелі келгенмін.
Ханымның айтқан жарлығын
Білдіргелі келгенмін.
Қыз Назымды бермесең.
Он екі баулы өзбекті
Бүлдіргелі келгенмін.
Ақарал шаһар қаласы,
Үйде отырған естіпті
Әзімбайдың бір кенже
Алшораз деген баласы,
Ауызы кетпей тілектен,
Қылышы кетпей білектен,
Келмембеттің бұл сөзі
Сүйегінен өткен соң,
Ерліктің түсті салтына,
Ақылдаспай халқына,
Ер қаруы бес қару,
Сайлап алып қаруын,
Мініп алған секілді
Телкүрең деген атына,
Атына мініп алған соң,
Алшораз бүлік салған соң,
Алдына салып айдады,
Қол-аяғын байлады,
Қалмақтың соры қайнады,
Тоғызын бірдей өлтірді,
Істі орнына келтірді.
Кедейдің ұлы Келмембет,
Өлтіруге ерінді,
Кесіп алды ерінді,
Қолына қылды көрімді.
Құлағын кесіп, құнтиытты,
Мұрнын кесіп, жымпиытты,
Жалқұйрығын күзеген
Байталдай қып күзеген
Байталдай қып сымпитты.
− Бар еліңе! – деп, Келмембетті қоя берді. Келмембет еліне келсе, Мақтым хан әскер жиып, күтініп
отыр екен. Есіктен Келмембет кіріп келгенде , - бөрі боп
келдің бе, түлкі боп келдің бе? - дейді хан.
− Бөрің құрысын, өзім құлақ, мұрнымнан айырылып, елге күлкі боп келдім, - дейді Келмембет.
Хан: - Отыз әскер алып тағы бар, – дейді. Отызын бастап Келмембет барып еді, отызын да Алшораз өлтіріп,
Келмембетті: «Бар, ханыңа сәлем де», – деп, қайтарып
жіберді. Келмембет қайта келіп еді. Жүз адам ертіп,
Мақтым тағы да жібереді. Жүзін де Алшораз қырып салады. Сонсоң, Алшораз халқын жиып алып әңгімеге
кіріседі: - Қамбарға кісі жіберейік, - дейді. Қамбарға,
құлан аулап жүргенде, жіберген кісі кез болады. Келген
кісі Қамбарға сәлем береді:
Ассалаумағалайкүм, келіп тұрмын
Қамбаржан.
Күдер үздік бұл күнде
Мүлік пен жиған малдардан.
Қайғымен ұйқы кетіп тұр,
Кемпір менен шалдардан.
Біздің жұртқа барыңыз,
Қару-жарақ алыңыз,
Ендігі келіп Мақтым хан
Орнаған шығар қалаға,
Соған ойран салыңыз.
Бекер емес бұл сөзім,
Тәңірі қосса, қыз Назым
Болмай қалмас жарыңыз.
Қалмақтың ханы Мақтым хан!
Қысылды ғой шыбын жан!
Сонда Қамбар сөйлейді,
Сөйлегенде бүйдейді:
−Ноғайлының көп жұрты,
Білуімше бұл күнде
Кемшілік көрген секілді.
Тең көрмеген бойына,
Шақырмаған тойына,
Қалайша мені шақырып
Бұл уақытта өкінді?
Алқисса, «Мен бір жетіде барармын», - деді де, келген
кісіні қайырды. Қайырғандағы сөзі:
Бармайды деп ойлама,
Шақыра келген билерім.
Қалмақ келіп орнаса,
Қайғыланып тұр шығар
Қатын, бала үйлерің...
Қынабы алтын көк алмас
Қару-жарақ жинатып
Өзімді-өзім күйлерім.
Бұлар еліне келсе, он екі мың қолмен Мақтым хан
қалаға орнап жатыр екен. Мақтым хан: «Қызды әкеліп,
қасыма отырғыз», - деп жарлық береді.
Алты жеңге қасында,
Алтын қалпақ басында
Жеңгелермен сырласып,
Ақырындап бір басып,
Амалы жоқ қыз Назым
Қарамай тұрды бетіне,
Жақтырмастан қырындап.
Сол уақытта Мақтым қыздың білегінен
ұстады. Сонда қыз айтады:
Елімнің салты бар еді:
Үш сексен күн дегенде
Оң жаққа төсек салушы ед:
Неше түрлі тағамды
Ортасына алушы ед:
Дәм- тағамды татқызып,
Төсегіне жатқызып,
Үш сексен күн дегенде
Жөнелтуші ед қыздарын
Дүние мүлкін артқызып.
Мақтым хан: «Мен ойын-сауықпен жатам, әншілерді,
күйшілерді жинаңдар», - дейді. Сонда Ноғайлының
жұрты: «Біздің елімізде әнші, күйші жоқ: қызымызды
уақытында қолыңа бердік, алып кетіңіз. Ал мына жақта
бір Қамбар деген кедей бар, өзі неше түрлі ойын біледі,
соны алғызыңыз», - деді. Сонда:
Мақтым қатты ақырды:
− Құлағынан айрылған
Келмембет қайда? - деп шақырды,
Кедей ұлы, Қамбарға,
Ей, Келмембет, барыңыз,
Қасыңа жолдас алыңыз,
Құттықтасын тойымды,
Көрсетсін келіп ойынды.
Жеті күнде келмесе,
Алдымды келіп көрмесе,
Қылышпен жейді сойылды.
Алқисса, кедей ұлы Келмембет Қамбарды іздеп
жөнелді. Қамбарға келді. Қамбар оған былай дейді:
Нағып жүрсің, Келмембет,
Маған өнер берген құдірет,
Құдай берген қайратты
Аясам жаудан бір міндет.
Сонда Келмембет сөйлейді:
Біздің Мақтым ақылды,
Қамбар сені шақырды.
Қылсын деді сиымды,
Құйсын деді шайымды,
Менмендігі болмасын
Ер Қамбардың бойында,
Білсін деді жайымды.
Алқисса, Қамбар жеті күннен кейін бармақ болды,
Қамбар шешесімен, тобырмен қоштасып былай дейді;
− Жалғыз туған баламыз,
Жауға кетіп барамыз.
Байлаулы тұрған тұлпардың
Басын жолға саламыз.
Ғайып ерен, Қырық шілтен
Жалғыздың жары деуші еді
Содан мәдет аламыз.
Қош, қош, елім, есен бол,
Қош, көргенше, сен дағы,
Зарығып көрген анамыз! –
Қарақасқа тұлпардың
Басын жолға салады.
Сағатына шапқанда
Айшылық жол алады.
Жөнелді, батыр, жөнелді,
Құйғытып тұлпар келеді,
Сайлау жерден ырғытып,
Ойлау жерден қарғытып,
Тау да аллалап барады,
Тас та аллалап барады,
Су да аллалап барады,
Суда жүзген қоңыр қаз,
Қу да аллалап барады.
Қамбар қалаға келді. «Мен келдім» деп хабар қылды.
Қамбар екі күн асырып келген екен, Мақтым соған
ашуланады. Келмембетке былай дейді:
Базардан келген ақ ерек,
Ер бәдені без бүйрек,
Әкелсеңші Қамбарды
Жағасынан сен сүйреп.
Келмембет Қамбарға келіп: − Мақтым ханға жүр, − деді.
Қамбар ханға келді, Қамбардың түгі сауытынан шығып
кеткен екен, Мақтым көріп, шошып, ұшып түрегелді. –
Отыр былай, −деп, Қамбарға ақырды. – Келмембетті жібердім. «Жеті күнде барам», -дедің. Бір күнің кетті, сегіз
күнде келдің. Қанша жаза салайын өзіңе?-дейді.
− Айыпқа бұйырмаңыз,тақсыр. Бір күн асып кеткен
себебін мен айтайын, сіз тыңдаңыз, бір жерде бір аққу
құсты ақтұйғын алып жатыр екен. Соған бір құладын
келіп таласты. Екеуі де бітісе алмай, маған келіп жүгінді.
Мен тұйғынға: «Күнде іліп жүрген құсың ғой, мына
бейшараға бер», - деп, үш күн ойлап төре бердім. Үш
күнім соған кетті. Содан шығып келе жатсам, бір көк
кептерді бидайық-лашын алып жатыр екен, соған құрғыр
қара қарға таласады екен. Екеуі жүгініске маған келеді.
Мен лашынға : «Күнде алып жүрген кептерің ғой, бір сапар мына қара қарғаға байла», - деп, үш күн ойлап төре
бердім. Үш күнім осыған кетті. Одан бері келе жатсам, бір
қызыл алтай түлкіні бір қарғылы қара тазы алып жатыр
екен, соған бір барақ қара төбет келіп таласты. Оған үш
күн ойланып, төре бердім. «Күнде алып жүрген түлкің
ғой, бір сапар мына төбет бишараға байла», - дедім.
Кешіккен себебім осы. – Сонда Мақтым хан Қамбарға
айтты:
− Қара төбет − сен, − деді,
Қарғылы тазы − мен, − деді, −
Таласқаның − қыз − деді, −
Он мың әскер бізде бар,
Бола алмассың тең − деді.−
Ақ тұйғын құс – мен, − деді,
Құладын құс − сен, − деді, −
Таласқаның − қыз, − деді,
Он мың әскер бізде бар.
Бола алмассың тең, − деді.
Бидайық − лашын − мен, − деді,
Қара қарға − сен, − деді,
Таласқаның − қыз, − деді.
Он мың әскер бізде бар
Бола алмассың тең, − деді.
Сонда Қамбар сөйлейді,
Сөйлегенде бүйдейді:
(Сауыттан түгі шығады)
−Бір атпадың, екі аттың,
Екі атпадың, үш аттың.
Бір атқаныңды айтайын:
Келмембетті жібердің,
Қылсын депсің ойынды,
Білсін депсің жайымды,
Ер Қамбардың бойында
Менмендігі болмасын,
Құйсын депсің шайымды
Бір атқаның осы еді.
Екі атқаның айтайын:
Ақ тұйғын құс сен болдың.
Құладың құс мен болдым,
Мен сенен қалайша кем болдым?
Құдай қуат бергенде,
Қарға менен құзғынға
Ей, Мақтым хан, жем болдың!
Екі атқаның осы еді.
Үш атқаныңды айтайын:
Қара төбет мен болдым,
Қарғылы тазы сен болдың,
Мен сенен қалай кем болдым?
Қарға менен құзғынға
Ей, Мақтым хан, жем болдың!
Қалмақты Қамбар шабады.
Қүдіреті күшті құдайым
Сындырмағай белімді,
Тарылтпағай жерімді,
Қалмаққа пәле көрінді,
Шағанның бойын шаңдатып,
Ат бауырын қандатып,
Бурыл ала бұлттың
Арасында сол күнде
Қанатты қара тұлпары.
Дабылын естіп Қамбардың
Қалмақтың алды қашады.
Басын кесіп Мақтымның,
Албастыдай басады.
Мақтым ханның өлгенін
Көргеннен соң көп әскер
Бет-бетімен қашады.
Қара қасқа тұлпардың
От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалғанша,
Керегедей жалынан
Қармақтайы қалғанша,
Қалмаққа қиқу салады.
Құмары тарқап Қамбардың,
Еңіреп жүрген ер еді,
Ноғайлының көп жұрты
Тілегін алла береді.
Тоқтаңыз, батыр Қамбар деп
Алшораз жетіп келеді.
Алшораз қарындасын Қамбарға бермек болады.
Қамбарды далада құрулы тұрған ақ отауға апарып
отырғызады, қызды жеңгелері алып келеді. Есіктен кірмей тұрып қыз Қамбарға айтады:
Аруанамысың, нармысың?
Жаямысың, жалмысың?
Құдай қосқан жармысың?
Секермісің, балмысың?
Отыз күн ойын істетем,
Қырық күн тойын істетем,
Қырық биені сойғызам,
Аш-арықты тойғызам,
Ғашықтықтың жолында,
Баяғы сертте бармысың?
Әлқисса, қыз солардың бәрін істетті. Қамбарға тиді.
Қамбар өзінің тобырын қосып, бүкіл ноғайлы еліне
қорған болды. Сүйтіп, мұратына жетті.