ШАШУБАЙ МЕН БОЛМАН
1946-жылы 23-май күні Балқаш қаласында халық
поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың 100 жасқа толу
мерекесіне орай мыс заводының Орталық жұмысшылар
клубында Шашубай мен Болманның толғаулары
тыңдалды.
Шашубай:
Жез таңдай мен қазақтың Шашубайы,
Кіреді сөйлеп кетсем сөз шырайы.
Жамбылмен үзеңгілес сұңғыламын,
Саңлақ деп үкілеген ел шынайы.
Жүйрік жоқ бұл жасымда менен озған,
Бәйгіге сан сәйгүлік мойнын созған.
Ұмтыла қапталдасып сермегенде,
Бүйірім қызып кетіп арқам қозған.
Үш жүздің ақындары жарысқанда,
Салмақтап тіл өнерін салысқанда.
Жырауға жүлде беріп көргенім жоқ,
Қадаймын жыр найзасын алысқанға.
Шырқасам Алатаудың өріндеймін,
Арқаның аңқылдаған желіндеймін.
Толқысам жырмен тасып кем дегенде –
Балқаштың шалқып жатқан көліндеймін.
Бір кезде ай тұлданып шалқалаған,
Ел мұңын таудан ауыр арқалаған.
Сол елдің аруағы қолдаған соң,
Күн сайын сабылуды қолқалағам.
Мен үшін әуелден-ақ өлең майдан,
Өлеңмен ел жауына салғам ойран.
Саңқылдап әнмен қанат жайғанымда,
Тыңдаған Үйсін, Тама, Арғын, Найман.
Жазы жау, қысында жұт қалтыраған,
Дәрмені от басынан артылмаған.
Кешегі елдің жайын есіме алсам,
Өр даусым күрмеледі саңқылдаған.
Мал түгіл билігі жоқ бір басында
Өлкенің тақыры мен қырқасында.
Сандалған тұл халықтың қамын ойлап,
Домбыра ұстағамын он жасымда.
Шортанбай, Шөжелердің ізін басып,
Қазған ор, нелер қиын белден асып,
Баяндап батырлардың хикаясын,
Көңілді көтереміз қалған жасып.
Қанымды тамызық қып жандырғамын,
Таңбалап сұмның есін тандырғамын.
Ту етіп жүрегімді қолыма ұстап,
Қатардан қажығанды қалдырмадым.
Шерліні әзіл айтып күлдіргемін,
Асқақтың арам ойын бүлдіргемін.
Қалайша мен жабырқау жабы болам,
Деген соң ел ардақтап дүлділ көгім.
Қай күнде, айтшы, жұртым, аялдап ем,
Елуге таң алдында таянған ем.
Жарық күн Октябрьде тумағанда,
Жақындап болдыруға аяңдап ем.
Лениннің партиясы құдіретті,
Халыққа шапағатты нұрын төкті.
Данасы даналардың Ұлы Ленин
Жанымыз мәңгі бақыт гүлін екті.
Сілкінді жансыз дала жатқан көлбеп,
Кеудесін қаһармандай қуат кернеп.
Азат ел өсіп-өсіп, өрлеген соң,
Лепіре тасқындады жырым селдеп.
Жарыста ел намысын тілмен қайрап,
Арқадан саңқылдадым тынбай сайрап.
Тас түйін миллион қол жұмылған соң,
Қазаны зор еңбектің қызды қайнап.
Күшіме жер исініп алтын атты,
Бау-бақша сан тақырдың бетін жапты.
Күннен күн қуаттаған Қазақстан
Ноқталап нажағайдың нұрын жақты.
Өлшеусіз жігіт жаста меңгергенім,
Қиырды болат жолмен шеңберледім.
Гуілдеп самұрықпен көкке шығып,
Еңсеме асқарларды теңгермедім.
Құрышпен құндақталған іргем берік,
Бойыма бірдей бітті бақ пен көрік.
Сан түрлі байлығымның есебі жоқ
Отырсаң өздерің де көзбен көріп.
Тажалға ажал болған батыр жүрек,
Мәдідей, маған біткен балғын білек.
Қаһарман шеттерінен ұл мен қызым,
Қиядан тоят болған күнде тілеп.
Саналы біздің елдің кәрі-жасы,
Данышпан Лениннің замандасы.
Көсемнің саясында қол ұстасқан
Қазақтың бар Ресей бауырласы.
Арқадан Алатауға жайған құлаш,
Алыптар сонау Жезді мынау Балқаш.
Орыстай үлкен аға қолдауымен
Құба жон, бетпақ шөлдер көтерді бас.
Жұртымның арқау болған арысына,
Орасан сан жетпейді табысына.
Кезекпен үніңді қос, ақын Болман,
Еліңнің даңқы менен дабысына.
Болман:
Ақын ба, ал дегенде арындамай,
Балқыған қызыл мысша жалындамай.
Күй баптап ән шырқайды күн туғанда,
Тұрар ма сергек тұйғын дабылдамай.
Өлеңім өмір серік бала жастан,
Тұлпармын сүрінбеген қия тастан.
Атақты Жезқазғанның тілмарымын,
Өнерді дәстүрімен үлгі шашқан.
Айғағы бір ғасырдың ұлы Жамбыл,
Жаудыраған ен далаға жырдан жаңбыр.
Жүз жылда бір мүдірмей сайрап өтті.
Туар ма ондай енді дүлділ даңғыл.
Мен-дағы Жамбыл сүйген елді сүйем,
Жырлаған бұлбұл Жәкем ерді сүйем.
Мәңгілік халықтардың достығы мен
Ұлы Отан орналасқан жерді сүйем.
Мен-дағы жаршысымын партияның,
Ел үшін керек болса жан қиямын.
Жұртымның елдігі мен ерлігіне.
Мақтансам асқар таудай шалқиямын.
Ал тыңда, көп әлеумет, көсілейін,
Ағытып жыр тиегін шешілейін.
Бейнелеп бір аз ғана өз тұлғасын,
Жеңімпаз жұрттың көңілін өсірейін.
Бар әлем жүзін көрген айнадайын,
Советтің аруағынан аймалайын.
Ұрпағы Қазақстан қамал бұзған
Ержүрек ұл-қызынан айналайын.
Ізгілік бойға сіңген ескі салтын,
Жауынгер ерте бастап қазақ халқым.
Кешегі қан жосыған сұрапылда
Әлемге кетті тарап ерлік даңқың.
Кең далам қазыналы болса қандай,
Ерлерім айбынды екен арыстандай.
Бұл күнде бүкіл Одақ дәріптейді
− Ақ пейіл, дарқан жұрт деп қазақ сондай.
Қисап жоқ байлығында асқар белмін,
Төлеген сан қиырдан асқан елмін.
Әйгілі жер жүзіне Жезқазғаным,
Бәрінен бойы биік басқа жердің.
Сәулетті Қазақстан орда болса,
Ой-қыры не ғажайып кенге толса.
Одақтың мыс босаға қоймасымын,
Алтындай өзегі бар бетін жонса.
Жеріміз тасы гауһар, суы шарап,
Байлығым төңірекке жатыр тарап.
Ашқарақ ағылшынның қорқауы да
Жырымдап дәулетімнен көрген жалап.
Тек қана большевиктер ұқсатқан соң,
Көркейіп, көріктенді алтын алап.
Жүрегі Қазақстан – Қарағанды,
Сол жерден бойыма қан тараған-ды.
Никополь жау қолында қалған кезде,
Майданды жабдықтауға жарған-ды.
Сай келген бар кәдеге менің мысым,
Қолдаған батырларды қайрат күшім:
Жезбенен құндақталған күрзілердің
Бергенді Қазақстан төрттен үшін.
Жеңіс пен игі табыс жүрген жолым,
Көздеген сан мақсатқа жетті қолым.
Бұрынғы құлазыған шөл даланың
Төрінен төрт алыбым алған орын.
Сарқылмас асыл қорын төгіп жатыр,
Қарсақбай, Кеңгір, Жезді, Байқоңырым.
Машина үйдей тасты күл ғып шайнап,
Ерлерім еңбек еткен оқпен ойнап.
Будақтап Қарсақбай да жалын атқан
Өр кеуде үш мұнара көкке бойлап.
Тасқындап осылардың аңғарынан
Күрең мыс көбік шаша жатыр қайнап.
Күйіне құрыш құйған сансыз батпан,
Күші артық сегіз жүз мың жеккен аттан.
Дәулердің күші қандай десеңізші,
Аймақты жеті күндік жарқыратқан.
Жезқазған кенге де бай, малға да бай
Орасан дәулетіне елдігі сай.
Ұшырған сан қыранды бір қиямын,
Даңқыма ұрпағымның ерлігі сай.
Ақылы дариядай Қаныш ғалым
Атағы Алатаудай жұртқа мәлім.
Білімнің тереңіне сүңги бойлап,
Ойлаған жастайынан елдің қамын.
Сан кеннің жерімдегі көзін тауып,
Көмірін, марганец, жезін тауып.
Қанышым берген еді қысталаңда,
Ажал боп жау басына тұрды жауып.
Жасалды менің берген құрышымнан
Ақ берен, болат қалқан - саны сауыт!
Ұстасаң жұдырықтай кеннің тасын,
Күшінен бір қолыңның келер басым.
Адамның арыстаны Балмұқаным,
Күніне қопарады жүз тоннасын.
Қос дүлділ Ақшалов пен ол екеуі,
Атқарған онның ісін әрбіреуі.
Солардың жер астында дүбірінен
Солқылдап қозғалады арқа белі.
Қазандай қара тасты қалған қатып.
Батырым Ахметов борша уатып,
Күрзімен он бес пұттық періп кетсе,
Шашырап от шығады аспанға атып.
Сом білек Тасбергенов бір боян ер,
Балқытып ағызғанда құрыштан сел.
Батырға, отпен ойнап жалын құшқан
Таңырқап таңдай қағып, тамсанған ел.
Маңына мәшһүр болып даңқы кеткен,
Талайды кәрі тарлан басып өткен.
Орденді Дәуренбек қарт бір сағатта
Жақпар тас көміріңді талқан еткен.
Жастардың шахтасында Қызыл тулы
Бастық боп Тәжбенов жүр аты шулы:
Әр іске мыңдап жасты жетілдірген,
Ұстазы шеберлердің сегіз қырлы.
Қан кешкен қабырғадан, тебіннен тер,
Белдесіп айқасқанда жауменен ел.
Жездіден әлде неше батыр шықты,
Дегізіп қазақ халқын жауынгер ел.
Алысқан сұрапылда жойқын күшпен,
Қаны бір тізе қосып ұлы орыспен.
Әліпбек Жәпебаев, Шақановтар
Берлинге жеңіс туын бір тігіскен.
Елінің ақ батасын ақтап олар,
Қанқұйлы кегін алды сұм немістен.
Шашубай:
Құлан жал, күдіс белес, бұлғын түкті,
Қыртысты, ала майды, жұрты құтты.
Кенді өзек Сарыарқама Қарағанды
Өлкемде кен ордасын бұрын тікті.
Шу, Жайық, Еділ, Ертіс, Сыр бойында
Кім бұдан кенге орда боп үздік шықты.
Қандырған жұрттың шөлін қара саба,
Атағы Алатаудың аласа ма!
Шоқтығы менен биік бола алмайды,
Кім айтуға азу тісін баласа да.
Жасауы мыс, молибден, күміс, болат
Бұл қара шаңыраққа таласа ма.
Құт құйған қыдыр дарып құнарлы жер.
Шайлаған шелі қалың шұрайлы жер.
Іші алтын, сырты күміс – уыз емшек
Құлпырған масатыдан шырайлы жер.
Аймақта тайталастар теңдесі жоқ,
Шынайы асқан күштің бейнесі боп.
Астасып көк жиекпен жатыр Балқаш,
Асқар күз, не биіктің шендесі боп.
Паш етіп жер – жаһанға қазақ жерін,
Елімнің айтулы бір кеудесі боп.
Өлкемін Бүкілодақ мақтан еткен,
Деп мұның Отанына бермесі жоқ.
Қан жылап зар еткенге түйсінбеген,
Шөл Балқаш өмірде бір исінбеген.
Ақтарып қазынасын жатыр бүгін
Ұсынып молибденін мысыменен.
Шіреніп қыр басында жеке батыр,
Іргемді жезбен күптеп Жездім жатыр.
Бауырайы марганец, көмір кені,
Бір өзі асқар тау боп мыңға татыр.
Ойнақтап бұлт соқса да дауыл гулеп,
Сапырып мұз мұхитты, тауды сүйреп.
Түндігін желп еткізбес Теміртау тұр,
Бекіткен қара орданы болат діңгек.
Апай төс, жуан құрсақ зордың зоры,
Сарқылмас Қоңыратта кеннің қоры.
Бойында алуан асыл қазына бар,
Елімде қасиетті жердің сойы.
Кесек бір көрсеткендей шын тұлғамды,
Ақшатау атышулы қол тумамды.
Сұқтанып әлем тегіс қарап отыр,
Құнарлы қорлы алқап деп вольфрамды.
Өр кеуде заңғар қия Қарағандым,
Әлемге сол қиядан қарағанмын.
Жауыздық ізгілікке шүйілгенде,
Құрышпен ел кеудесін орағанмын.
Ашуы от, қаһарман мұз, демі жалын,
Майданның не тілесе қалағанын.
Іркусіз алып барып беріп тұрдым,
Қорқаудың ағызсын деп қара қанын.
Ұйысқан қажырлы күш, қалың қайрат
Майданда ер намысын кекке қайрап,
Қаһарман Үрістем мен Дастандарға
Тынымсыз аспаһани қару сайлап.
Оңымда, солымда да, алды-артымда
Еңбектің тай қазаны жатты қайнап.
Атандай сұр тастарды мысқа бөккен,
Жездімде Аймұханов сығып шайнап.
Балқашта аты шулы Әлімжанов
Майданға жүздеп вагон мысын айдап,
Құрыштың құдіреті Теміртауда
Қыздырып қызыл ошақ фашиске арнап.
Майданға оң қолымен беріп тұрды,
Еңбектің батырлары гүл-гүл жайнап.
Күн күйіп, ай тұтылып, жұлдыз ағып,
Түскендей аспан сынып жерге жанып.
Жұмыр жер қуырылып, қуырдақ боп,
Зеңбірек от шашқанда буырқанып.
Қиянға заңғар биік ұялаған.
Не қиын құз бен шыңды қиялаған.
Қырымнан аю көрсе тарпа басар
Нүркенім дауылпазым бала қыран:
Арқадан қан майданға тілеп ұшып
Тобына қас жауының жай боп түсіп.
Үйіріп озбырлардың жіберді өртеп,
Жемтігі жатпасын деп жерде ыбырсып.
Қаһарлы қанды кекпен қанат жайып,
Нұржанов, Мамыраев, Біреуісов.
Ақырып арыстандай ұмтылғанда,
Мыңдаған қаныпезер болған майып.
Қиратып жендеттердің шаңырағын,
Көрсетті аса қайрат ерге лайық.
Отанның күш-қуатын зорайтуға
Жұмылды жаппай одақ туысқаным.
Төрт аттан бес белестен асу үшін
Қызулы ұлы дүбір жарыстамын.
Болман:
Бойында алуан асыл ғажап кен көп,
Кеудесін кең өлкемнің жатыр кернеп.
Жеңістің көктемінде толқындаса
Мыс – өзен, күміс бұлақ, көмір көл боп,
Бес жылда құт қорына құйылады
Ақ Жайық, Еділдейін жойқын сел боп.
Жездінің қатпарланған өңірі бар,
Бірінде мыс, бірінде темірі бар.
Күрпілдеп жер бетінде шығып жатқан
Тамаша Қияқтының көмірі бар.
Бар Одақ пайдаланса бір осыны
Жүз жылға орта түспес өмірі бар.
Май көмір тамызықсыз жағылатын,
Қызуы мысты суша ағызатын.
Жар тастай кесегінен бір қасық күл,
Іздесең, әрең зорға табылатын.
Көмірі қияқтының қара алтын ғой,
Жалтылдап қараса көз шағылатын.
Байтақ ел не тілесе нені қалап,
Жезқазған кәдесіне жатыр жарап.
Бес жылда туып-өскен Қияқтыма
Таңданып тамсанбақшы әлем қарап.
Жездінің аты шулы Кеңгіріне,
Кеңгірдің кен алапты сеңгіріне.
Кірістім орнатуға бір наһанды,
Еш ноян шақ келмейтін өрлігіне.
Өнерлі бұл наһанның өңеші кең,
Жүк болмас жұмырына жүз тонна жем.
Басына бұл заңғардың шыққан шақта,
Қайтеді көк тіремей менің төбем.
Біреудің бірегейі ғажайып күш,
Осыдан дариядай құйылса мыс.
Төртінші бесжылдықтың бұл дәуіне
Таңданып бас имекші батыс – шығыс.
Жақпар тас қопарылып алай дөңдер,
Кеңгірден қияқтыға болат шеңбер –
Тартылып жатыр қазір ол біткен соң,
Тоқтаусыз ұқсатылмақ асыл кендер.
Сыймастай ертек етсең жүйрік ойға,
Ашпақ ем қазыналы сексен қойма,
Қатарға қосып қойдым қақ жармысын,
Қойсын ба халық күші тасқан бойда.
Сарайдың салмақшы едім жеті жүзін,
Төрт айда тұлғаладым екі жүзін,
Ерлердің қимылына құшырланған
Ақынмын даусым ашық, жарқын жүзім.
Осындай асқан қайрат, жігер көріп
Қолдағы бар мен жоқты болжай келіп,
Үш қарғып бес кезеңнен асырам деп,
Жырлайды, жұрт, күшіне Болман сенің.
Шашубай;
Игерген ен байлығы шалқып тасып.
Бес жылда бұрынғыдан үш есе асып,
Балқаштың зор тұлғасы бұдан да өспек,
Өмірге ұлан асыр қадам басып.
Сұрыптап асыл кенді тазалайтын,
Жүгіртіп тоқсан саққа салалайтын.
Бір жаңа алып завод салынады
Күміс, мыс, алтын, жезді саралайтын.
Күні ертең асқар тауды сүйреп әкеп,
Тықпасаң көмейіне илеп әкеп.
Жемсауын бұл алыптың толтырмассың,
Бүгінгі вагондармен бірден әкеп.
Қаққанда қызған еңбек қоңырауын,
Кең ашып қазыналы қоңырауын,
Қосшоқы, Қыземшегі Қоңыратта
Тереңнен ақтармақшы кен қойнауын.
Бес жылда мыс қоймасы өспек үдеп,
Мойымас қанша алсаң да көсіп күреп,
Отырған тау басында құж тәрізді,
Келмекші кемеліне табан тіреп.
Шым болат құрыш күшті сауыттаған,
Бойына жай оғын да дарытпаған.
Балқашта молибденнен тау жасалмақ,
Сипаты бесжылдықта анықталған.
Батыс пен шығыстағы зәулім тұлға,
Өр Балқаш социалистік бұл бес жылда.
Қарына бар алыпты іліп алып,
Бір емес, баламақшы бойын мыңға.
Елімнің жыртылғанын мыспен қайып,
Зер тоқып вольфрамнан төрге жайып.
Көктеп көк шар болаттан сауыт соғам,
Жойқын күш ел қорғаны ерге лайық.
Қорқытқан айбыны мен жауды жасқап,
Бойына шақ келмеген нелер асқақ,
Бүгінгі мыс дүкені алып Балқаш
Толықсып бесжылдықта асып таспақ.
Бес жылда көріктеніп бұдан да әрі,
Көк балдыр балауса боп Балқаш маңы.
Ертеде ертекшілер аңыз еткен
Орнайды жібек атқан Иран бағы.
Сыланған ақ айдынға жүзін көріп,
Қаламның сәулеттене ажары еніп,
Басына бұлт орналған зәулім үйлер,
Көбеймек, өмірге сән көрік беріп.
Тепкенде тегеуріні темір үзген,
Алысса алып ұрған асқар құз, бел.
Жеті қат жер астынан кен шығарып,
Балқаштың сап алтындай мысын сүзген.
Атағы жерді жарып даңқы артқан,
Жер, көкті қатуланса қалтыратқан.
Өнері кері ағызған қара суды,
Сарқырап құздан құлап ағып жатқан.
Елімнің ұл мен қызы батыр балуан,
Тарихта жеңімпаздық атын алған.
Шаң жұқпас саңлақтардай қарыштаңдар,
Алдында күрделі іс тұр неше алуан.
Атың сал, атағың сал, жаныңды сал,
Ақыл - күш, жігер, қайрат, қажырды сал.
Мезгеген партияның мақсаты үшін,
Ірікпей бойыңдағы барыңды сал!
Болманның қорытынды сөзі
Уа жұртым, сүйенгенім сенің күшің,
Сайратқан ақын тілін сенің ісің.
Шабыт жоқ сенсіз менде, саған қарап,
Өмірдің паш етемін жаз бен қысын.
Жақсыны жамандауға жырым шорқақ,
Қайғыңа қиын күнде болсам ортақ.
Думан, той бүгінгідей шаттығыңа
Жырауың шарықтамай қалай тұрмақ.
Ешқандай қиындықтан қорынбаңдар,
Қамқоршы партиядай қорғаның бар.
Отанның жайлауына жеткізетін,
Көсемнің тапсырмасын орындаңдар.
Шашубайдың қорытынды сөзі:
Арқаның ірге тепкен сауырынан
Әндетіп айқайласам ауылымнан.
Жаңғырып өз даусыма үн қатады,
Тянь-Шань мен Көкшетаудың бауырынан.
Қалың ел қадірлесе Шашубайын,
Шашубай тамызады тілдің майын.
Ерлерім оза шауып бәйгі алыңдар,
Күн сайын сөз дүкенін қыздырайын.
Жер мен көк ақылына түгел сыйған
Халықтың қасиетін бойға жиған.
Кемеңгер Ленин ілімі көп жасасын,
Аталық мейірмандық нұрын құйған!