15.06.2022
  126


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

ТОЛҒАУ

Құздан құйған бұлақтай,
Шапшытып жырды көмейден.
Толқытып күйді сынаптай,
Маржандай сұлу өлеңмен.
Елімді жырға бөлейін,
Теріп алып тағы да,
Сөз асылын тереңнен.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Немді аяймын сенен мен.
Жүрегім бірге соғады
Партиямдай беренмен.
Сондықтан да әрқашан,
Көтерген елдің еңсесін
Мәшһүрмін жұртқа ежелден,
Түр құлақты, әлеумет.
Гармонымды құлаштап,
Жыр маржанын төгем мен.
Тас болаттан салынған
Мұнаралы қорғандай,
Социалистік еліме
Әлемге тұлға болғандай.
Ана жолы жау шапты
Көзіне қан толғандай.
Болаттай берік іргеме
Жезтырнақ салды саусағын.
Еңіретіп еліңді
Табаныма жаншамын.
Қақыратып қалаңды,
Арқыратып далаңды,
Жылатып қатын-балаңды,


Деп найзаңды шаншамын.
Қазақ, қырғыз, орысқа,
Украин, беларусқа
Қожа қылып қоям деп,
Фашист деген найсабын!
Сөйтіп фашист сұмырай,
Қапылыста тұтқиыл
Украинға шап берді.
Өте салып одан да,
Москваға тап берді.
Оқ бүркіп Ленинградқа
Сталинградқа лап берді.
«Жеңілмейді фашист» деп,
Дабылды сұмдар қақты енді.
Жеңілмен деген ешкімнен
Баязит де жеңілген
Ақсақ барыс Темірден.
Темір қашан өтіп ед,
Арқыраған Еділден.
Жеңіліс тауып безінген
Напалеон өмірден.
Ұлы орыс халқымен
Арбасқандай талай жау –
Беттей алмай шегінген.
Тайсалма деп қолбасшы,
Жар салды сонда Кремльден.
Сұмырайдың, немістің
Орнынан ойы шықпады.
Миллион халық, алуан ұлт,
Именіп қабақ шытпады.
Күреске жабдық жасады,
Ат тұрманын сақтады.


Қарсы шапты қасқайып,
Жасқанып жаудан ықпады.
Рүстем, Ғалы қаһарман
Батыр дегендеріміз,
Ақсақ Темір, Шыңғыс хан
Напалеондеріңіз
Астар да болмай қап қойды,
Алысқанда дұшпанмен,
Біздің батыр еріміз.
Тұмсыққа ұрған иттейін,
Желкелеп Отан төрінен.
Қанын судай ағызып,
Кавказдың таулы жерінен
Ленинградтан жөнелтіп
Неміс финдерімен
Түріп шықты қызыл ер,
Қол ұстасып кеңестің,
Миллион деген елімен.
Байтақ өлке кең дала,
Қасиетті жеріміз,
Ойнақ етіп қоймадық
Жын-cайтанға сені біз.
Ұлтарақтай жер үшін,
Тостағандай төбе үшін,
Жылаған қатын-баланың
Кемпір-шал, ата-ананың
Кеудедегі кегі үшін.
Жүрегін ту ғып ұстады.
Қаһарман қызыл еріміз
Қалың қайрат, қайсар күш.
Намыс, ыза – кегіміз.
Талқан етпей қоймады,


Бұздық жаудың шебін біз.
Бұзып қана қоймадық –
Бір жолата тазарттық,
Күш қосып қалың еліміз.
Кеше фашист дүзқара
Қара албасты қанқұйлы
Өлім егіп көп жерге
Өлімтік етіп, қан құйды.
Европаның көп жұрты,
Зар иледі, қаңғырды.
Табанында ед немістің –
Румын, болгар, фин жұрты.
Сүліктей сорып оны да,
Фашистің жайлап қыл құрты.
Қолжаулық қылып біресе,
Біресе шоқпар еткен-ді.
Тұрса, ұрып тірсекке,
Отырса, басқа тепкен-ді.
Жауынгер Қызыл Армия
Бостандық таңын атырып,
Азаттық нұрын септі енді.
Поляк, венгер, словак
Чех жұртының шегінде
Әбжыланның ордасы
Пруссияның өзінде.
Кескілескен қатты ұрыс
Болып жатыр бұ күнде.
Жарқырап таң атады,
Оған да ертең, бүгін бе.
Асқақтаған есірік
Кемерге келді кептелді:
Алдында көр, артында ор –


Жан-жағы жар, құрған тор.
Бұрылуға жоқ енді.
Дауыл мен оттан жаралып,
Өр болып өскен ерлерім.
Әлемге атың таралып,
Шын қияға өрледің.
Майдан мен тыл тұтасып,
Егескенде бермедің.
Октябрьдың ұрпағы –
Қыздарым мен ұлдарым!
Толып жатыр кеудемде
Сендерге деген жырларым.
Сен туған күнді бүгінгі
Тағы да талай жырлармын.
Бірақ қазір айтарым:
Әлі күрес тынған жоқ.
Жаралы неміс айуаны,
Әлі тағзым қылған жоқ.
Ендеше елдің егейтөс
Ұлы мен қызы - батыры!
Шашубайдың тойда ұлы,
Сендерге берер ақылы:
Тыңдағың тынбай еңбек қыл,
Майдандағы ер үшін!
Майдандағы қыз бен ұл
Күшейте бер соққыны.





Пікір жазу