МЫСҚА ТОЛСЫН ШЕҢГЕЛІМ
Мысқа бөккен сұр тасты
Сүрелеп алған тереңнен,
Жер қоймасын қопарып,
Жұла тартып жөнелген.
Үгіп ұнтақ ұн қылып
Ағызып тасын өзенмен.
Қалқып алып сар мысын,
Ен байлыққа кенелген.
Үлде менен бүлдеге
Шаш етектен бөленген.
Екіталай күндерде
Жау менен күш шенелген.
Мысын артып майданға,
Тура тартып жөнелген.
Аты шулы Балқаштың
Ұлы-қызы сенен мен
Тағы бір қолқа сұраймын,
Бересің бе, берен ер,
Ата көршің ежелгі,
Мыс қоймасы Жезқазған.
Сол жездінің ақыны
Болман маған хат жазған.
−Мыс алыбы Балқаштың
Қолтумасы Шашубай.
Сенімен бір айтыспай
Көңіл тұр деп басылмай.
Өктем-өктем сөйлейді
Сөзі сайдың тасындай!
Уа, Балқаштың ұл-қызы,
Мен көне көпті көргемін.
Ақынсынған талайды,
Әшкере топ алдында,
Шарпысқан сөзде жеңгемін.
Халқым қуат бергенде,
Шаршы топта сан рет,
Жүлде алып, бұлаң желгемін.
«Жеңілме, Шашым» десеңдер –
Мысты сел қып ағызып,
Үдетіп қарқынды өрлегін,
Осы болсын бергенің.
Аузым сөзге толғанда,
Мысқа толсын шеңгелім.
Саған мақтан емес пе,
Өз Балқашың атынан
Қарсыласқан ақынды
Сайысқанда жеңгенім?!