15.06.2022
  137


Автор: Шашубай Қошқарбайұлы

МЕН ДЕ КЕЛДІМ КӨМІРГЕ

1
Баласы Қошқарбайдың атым Шашым,
Кемшілік, кедейлікті көрген басым.
Тіл мен жақ халық алдында тынбай сайрап,
Жетпістің сегізіне шықты жасым.
Кемшілік, кедейліктің көрдім бәрін,
Көрмедім ол заманда өмір сәнін.
Болғалы қазақ – қазақ алыс дерек,
Адасып жол таба алмай жүрген ел ек,
Өмірге өзі бастап партиямыз,
Орнатты арқаға әкеп алтын дерек,
Дегенім алтын терек - елім қазақ,
Қайта туып, дертінен болған азат.
Желісі - алтын, көгені - күміс түйме,
Іргелі ел, өрісі кең болды ғажап.
Түндігіме Лениннің туын байлап,
Толықсып толған айдай гүл-гүл жайнап!
Көсіліп іргем кеңіп, көлім шалқып,
Құрыштың құймасынан шықты қайнап.
Көк құшқан көлеңкелі шынарымның,
Ерте-кеш бұтағында бұлбұл сайрап,
Бірі боп он алтының отау тігіп,
Ел болдық Қазақстан алтын аймақ.
Осындай салтанатты бейбіт елдің,
Иесі атқа мирас жер мен кеннің,
Тал түсте тыныштығын бұза тиіп,
Алмақ боп абайсызда тартып жерін.
Жексұрын, дүниеге салған ылаң,
Тап берді іргеме кеп тарғыл жылан,
Талаушы ел мұрасын жылдап жиған.


Ол – фашист, ол – қанқұмар гитлершілдер,
Қолынан келмес тартып жерімді алмақ.
Халқымның қазынасына қолын салмақ.
Бетіне қоя берсең бейпіл жүріп,
Теп-тегіс дүниені жұтпақ жалмап.
Бүкіл ел жауға қарсы қылып қайрат,
Майданның керегінің бәрін сайлап.
Еңкейген қарт, ес білген баласы да,
Аттанды бес қаруын белге байлап.
Әулігіп өз бетімен келген итті,
Жауынгер қызыл әскер жатыр айдап.
Түбінде Сталинград соққы тиіп,
Мың-мыңдап жау өлігі қалды жайрап.
II
Кемеңгер көсем бізге қойды талап,
− Майданға көп өндір деп қару-жарақ.
Ел болып көсем сөзін естігенде,
Үйімде жата алмадым мен де қарап.
Тұрғанда басымызда сын сағаты,
Сілкінді қайта қозып ескі қайрат.
Қолымның ұшын берер қуатым бар,
Көмір сап, бір кісідей, қолға қайла ап.
Жас түгіл ұйқы кетті кемпір-шалдан.
Ұтылсақ бұл майданнан кетпес арман,
Қаперсіз, қамсыз жатсақ, қайрат қылмай,
Шын өмір қайтып келмес жақсы жалған.
Азаматтық борышын ақтап солар,
Көмірді майданға деп артық салған.
Кәдеге ассам, мені де көмірге сал.





Пікір жазу