15.06.2022
  129


Автор: Сұраған Рахметұлы

ПЕЙЗАЖ

Жаз айының Тәңіри тегі Шілде.
Тау қияпар
Тып-тынық демі ішінде,
Ағып түскен жұлдызды күйсеп қойып
Іңір жатыр
Бұзаудың желісінде.
Мыңбұлақтың тыңдасаң ағысын жай:
Тай-құлынның ойнаған шабысындай.
Шың Бүркіттің басында
Қалған ақ мұз,
Жуып жайған апамның салысындай.
Ай көрінді: (...ай сәулем, ай-күнім-ай...)
Ақ кіреуке шашылды
Сайды құлай.
Қасиетті Қараөткел – қара кием
Жерде жатқан –
Аспаным – айдыным-ай.
Қоңыр аңның жүніндей
Жылымық қыр.
Құндағыңа құлайын құнығып бір.
Өткенімнің тәп-тәуір белгісіндей
Көк төрінде жетім бұлт ілініп тұр.





Пікір жазу