15.06.2022
  153


Автор: Сұраған Рахметұлы

ЗАУАЛ

Сарарқаның жүрегіне
Операция жасатқандарға,
Салқын қымызбен қоса сасыған ет асатқандарға,
Талайдың басын әңкі-тәңкі еткен
Сұм-сұмдықтарымен
Тағдыр таразысына тасадан ауыр
Тас атқандарға– Зауал!
Қалқаманды атып, ақ Баяндарды
Зорлағандарға,
Оспанды ұстарда оспадарларды
Қолдағандарға,
Қу тамағына отанын сатқан
Оңбағандарға,
Қуғынға түскен Зуха қажыны
Қорлағандарға– Зауал!
Ақиқаттың алдын ораған қарақшыларға,
Атаукере үшін анасын сатқан
Арапшыларға,
«Қасқа бас болса сарапсыз өткіз,
дана солар»,– деп,
Кезектегі ұлдың кекілін санаған
Сарапшыларға– Зауал!
Қуыс кеудесіне қулықтың түрін
Жинағандарға,
Бірге туса да кең дүниеге
Сыймағандарға,
Жабыны жаратып, пырақты Тоқтай қинағандарға,
Өктем үн қатып төменгілерге,


Өзінен зорды сыйлағандарға – Зауал!
Жұдырық жұмсап,


Жұлығын жалатып жығылғандарға,
Жұқа жүйке мен жұлында
Қайнаған зығырдандарға.
Құран, намазды «наша» деп
Найза суырғандарға
«Құдай берді» деп құлынының етін
қуырғандарға – Зауал.
Пәле-жаламен қоңсы қонатындарға,
Нағыз жалаға жолшы
Болатындарға,
Құндыз жағасын құрандай баптап,
Жұлдызнамаға қол шығаратындарға – Зауал!
Тас көмір артып табаны тесік қара нарларға,
Алпыс неше жыл ақшаға байлап сабанғандарға,
Өтеміс ұлы айтқандай:
«...Өз басына өзі жау болып...»
Өз тілін сормай басқаның
Аузын жалағандарға – Зауал!
Зымияндар зынданының тілсіз
Тірі құлыптарының,
Зымыран жалғанның ділсіз
Ұлықтарының
Шашбауын көтеріп, астауын жалаған,
Тұнықтан шығып, лайға сіңген
Кіріптар ұлымын...
Сол үшін маған да – Зауал!





Пікір жазу