15.06.2022
  144


Автор: Сұраған Рахметұлы

ТҮСКЕ ОРАНҒАН КҮЗ

Күздің жауһар жаңбыры күз бұрымында,
Жапырақ жездей салмақты.
Түсіңде қаңбақ ығады, ызғырық тұманын басып.
Жүлгелер үнсіз сан дақты, су аяңдайды.
Таулар түксиген абыз, сақалы белден,
Өкпелі өткінші өксіп жылай алмайды.
Қайтқан шілденің қапырық ауа райында
Қақалып өлген.
Зіл батпан төбеден өкшемен ұрады,
Өкпең өрт болып лаулайды
Парақтар шырағында ұшып.
Жастық шақ көрген түсіңдей ұмыт қалады.
Сарыала сағыныштар жұмағы ұрғашы;
Еміс естисің ешкім еместігіңді,
Сұлық айналаң.
Діңі байланған талдар мен бұлақ ымдасып.
Өзіңді көресің судағы сынық айнадан,
Сөзіңді тыңдайсың іштегі құлағыңды басып.
Өзіңді қинайсың солай сана ғаламатымен,
Түсіңде тағы көресің жалғасын
жұлдыз-ғұмырдың.
Маңырап қайтады кешегі ойың далаға түнеген,
Күздің суық жүзінде күндізгі кірбің.





Пікір жазу