15.06.2022
  97


Автор: Сұраған Рахметұлы

ІҢІРДЕГІ БҰТАҚТАР

Бір жасымды өзімнен үзіп беріп жайыммен,
Шоқ жұлдыздың сәулесін жамылып ап ымыртта.
Бұтағына ай ілген,
Ақылдасып қайыңмен,
Құшақтасып, құлақпен Мыңбұлақтан мұң ұрттап.
Оқыс жанған ұшқындар, осы күткен жағымнан,
Жеті қабат шекпенін шешіп тастап жұмыртқа;
(Шақыра ма, кім білсін?)
Бақырады қабынан.
Сол бұтақтан жұлынған жапырақтар қабірсіз,
Табанымның астында аһ ұрады, сабы үнсіз.
Етегімді жұлқыған есалаң жел сабырсыз.
Жүз жасауды армандап, бақытты аңсап
уайыммен,
Уақытым тоқтап тұр мағынасыз, ағынсыз.
Кеше біреу тастаған кемтар жаңсақ пайыммен,
Иіс келеді маңымнан... Неғыласыз?.. Жағымсыз...
Іңірдегі бұтақтар мүйізіне ай ілген.





Пікір жазу