14.06.2022
241
ТАҢ – ӨЛІАРА
Қарасудың беті, өңі
Баяғыдай мөп-мөлдір.
Ала бұлттың етегі –
Көлбірейді көк теңбіл.
Жел өтінен қаңғырған
Оқ секілді жас тамып.
Жаңбырменен жаңғырған
Көксеркенің аспаны.
Ми ішінде абалап,
Азған иттің үргені.
Үзік бауын сабалап
Жел түртеді іргені.
Бауырында түлкінің
Бұйығады мығым қыр.
Сауырында жылқының
Ай түнейді бұлыңғыр.
Есінеген торы аттың
Езуінен нұр құлап.
Торғай күйін боратты,
Шиқылымен ұрғылап.
Торсықтағы іркіттің
Шулағаны басылып.
Күн күледі Бүркіттің
Иығынан асылып.