14.06.2022
  113


Автор: Серікбол Хасан

Кезім еді, етек жиып... ес білген,

Кезім еді, етек жиып... ес білген,
Таңғажайып тәтті күйді кештім мен.
Оны көрсем тыным таппай мендегі –
Жүрегімнің дүрсілі анық естілген.
Оны көрсем... қалатындай қан жүріп...
Ұзақ уақыт «ғашықтықтан» алжыдым.
Кең даланың әп-әдемі, құлпырған,
Әперуге дайын едім бар гүлін.
Талай уақыт армандаған «сыңарым»,
Бүгін, міне, жанымда тұр бір адым.
Жігерімді жидым дағы, жақындап,
«Есімің кім, қарындас?» - деп сұрадым.
Сұрадым да, өз кеудеме сыймадым,
(Қайдан білгем, оның бұлай қинарын).
Біраздан соң әлгі сұлу сызылып,
Деді маған: «Білмесеңіз, Зинамын!».
Жүргенімен көзіме ару көрініп,
Бойламаппын әлеміне үңіліп.
Есімі үшін есім кеткен сол қыздан,
Мәңгілікке кеттіп лезде жерініп...





Пікір жазу