14.06.2022
  108


Автор: Серікбол Хасан

ҚАРАҒАШ

Көршімнің алма бағында,
Өсуші еді бір қарағаш.
Көрдім мен оны жақында,
Қалыпты ол мүлдем жалаңаш.
Баптайтын еді иесі,
Сақтайтын еді ғұмырын.
Қарағаш болса жиі өсіп,
Биіктей берді құнығып.
Беретін жоқ бір жемісі,
Құлаштап қана барады.
Алма ағаштарға тиісіп,
Жайыла берді сабағы...
Қалыпты ол бүгін «шешініп»,
Есіктен енді кеше күз.
Ертең-ақ біз де кеш ұғып,
Дәл сондай күйді кешеміз.
Лаулаған отқа күйеміз,
Құтылар одан шақ қайда?
Ағаштай турап Иеміз,
Отын қып бізді жақпай ма?
Жалаңаш шықтық жатырдан,
Енеміз көрге жалаңаш.
Қайғысыз таңды атырған,
Секілді анау қарағаш...
Қалатын кезде жақ ашпай,
Білемін, Ием тергейді.
Қияметте қара ағаштай,
Қурағым менің келмейді.





Пікір жазу