14.06.2022
  132


Автор: Серікбол Хасан

МҰСЫЛМАН ДҰҒАСЫ

Сан сүріндім өмір деген жолда асқақ,
Раббым, Аллам, күнәмізді кеше гөр.
Жаһаннамның жалынынан қорғаштап,
Қияметте кәусар толы кесе бер!
Тағдыр менің соқпағымды ақ қылғай,
Раббым, Аллам, намазымды қабыл ет.
Тозағыңнан тозаңдай да тарттырмай,
Азабынан сақтасыншы ақырет!
Құран ашсам... шыға келем нұрланып,
Раббым, Аллам, саған үнім жетер ме?
Шын дүниенің сыйлығынан құр қалып,
Бес күн дүнием босқа өтпесін, бекерге.
«Біздер үшін күлкі, ойын – бұл өмір»,
Раббым, Аллам, асыл дінді аз ұқтық.
Құлдарыңның сүйіктісі қыла гөр,
Қос дүниеңнің нығметіне асық қып.
Төбемізден иман нұры төпелеп,
Сақта бізді апаттардан жердегі.
Раббым, Аллам, сауаптарды еселеп,
Сақта бізді азаптардан көрдегі.
Кеш қарайып, атар тағы жаңа таң,
Өтер-кетер өкпелетіп сағым жыл,
«Амин» десіп жайдық Саған алақан,
Осы айтылған дұғамызды қабыл қыл!





Пікір жазу