14.06.2022
140

ӨЗІМ ЖАЙЛЫ
Мен бармын... Рухым да бар, тәнім де аман,
Кеудемде жастық отым жалындаған.
Жүректе ар-иманым, Жаратқанға,
Бас иіп, басқа жанға табынбаған.
Тірімін... Өлерім хақ, көнем, білем,
Өзімді жұбатамын өлеңіммен.
Алыстан арман қуып алқынбаймын.
Алладан медет күтем, келер күннен.
Адаммын... Түрі – мәлім, сыры – жұмбақ,
Амалым ақыретте тірі қылмақ.
Алланың жазған жасын жасап келем,
Бірі – арзан күндерімнің, бірі – қымбат.
Мен бармын... (Өлімді ойлап жатқаным-ай!)
Сан мәрте сиынамын Хаққа құлай.
Тірлікте іс оңалар, жөн түзелер,
Тек қана тозағыңнан сақта, Құдай!