
АҚИҚАТ
Жыл санап түтіп, жұлқынған нарық,
Азғындап кетті-ау алып төр.
Әйтеуір, алға ұмтылған халық,
Сүзгіге өзің салып көр.
Алқымнан азап алады-ау анық,
Етегін жимай көктемдер.
Шылым дегенің далада қалып,
Есірткіге еріп кеткен бе ел?!
Жүргендей бір мен, қисынын тауып,
Жүк артар келіп маған көп.
Жалақы тауып, жанұя бағып,
Адымдап жүрген ағам жоқ.
Алдайды-ау, тегі, пейілін салып,
Кербездер үйге енген боп.
Самаурын салып, сиырын сауып,
Шай қойып жүрген жеңгем жоқ.
Көріп-ақ тұр-ау Жаратқан да анық,
Алдында көздің бәрі нақ.
Ардақтылары араққа алданып,
Аңырап жүрген шаңырақ.
Ақшаға бар іс алдана қалад,
Айтусыз содан талай үн.
Танысың менен қалтаңа қарап,
Табысып жүрген ағайын.
Мұң мен құсаға етегі толып,
Темір торда өтер жыл, айлар.
Келісім шартпен «некелі» болып,
Керісіп жатқан жұбайлар.
Біреулер күтіп жоғалған ұлын,
Тосумен өтер: «Кеп қалар!».
Зәрлі уын шашқан қоғамға бүгін,
Сан сырлы сансыз секталар.
Парасы менен табысын бөліп,
Қарнына тыққан құлқындар.
Нәпақа үшін намысын беріп,
Сылаңдап жүрген сылқымдар.
Ақиқат осы – ғасырдың дерті,
Тізбектей берсек тағы бар.
Ақылмен ғана – асылдың кілті,
Болашағыңды танып ал!