ОРАЛУ
Құм далаға қалдырып құлын шақты,
Алматыға аттанды ол арман қуып.
Ұланының кеткенін біліп жатты,
Қу ағаштар тамыры қалған құрып.
Талаптанып...
Көргенмен сынап бағын,
Жас өскіннің өмірін аяды кім?
Тағдыр оның тұрпатын ұнатпады,
Астына алып қатыгез таяғының.
Өмір ерте есейтті...
Ұқты бәрін...
Қиналғанда Иесін ұлықтады.
Көкесі көп көлденең мықтыларың,
Жас баланы маңына жуытпады...
Жылдар өтті жарысып...
Уақыт жүйрік...
Оқу біткен...
Жас маман...
Өмір жаңа...
Сан сынақтар төнгенмен ағып келіп,
Өзгермеген баяғы көңіл ғана...
Ақ пейілмен асықпай бала күнгі,
Орындап ол келеді тілегенін.
Қай кезде де жанына қаламы үлгі,
Шабыттанып төгеді жыр-өлеңін.
Кім біледі, қаншаға созыларын
Бұл ғұмырдың,
Қанша ырыс қонады әлі?
Алла жазса, Атырау, өз ұланың,
Мекеніне қайтадан оралады...