ҰЛТТЫҚ РУХЫМ ТОЛҒАНДЫРҒАН СОНЕТТЕР
І
Ұлттық десе желбіретіп үкіні,
Бөрік, шапан шарықтады күтімі.
Бәрі дұрыс, бірақ тегіс көрінсін
Қазақ елі белгі-бедер бітімі.
Өрге басса Ақордамыз белсеніп,
Әр қадамы қолдау тапты ел сеніп.
Әттең, тілді қорғай алмай келеміз
Әлем шөккен дағдарысты еңсеріп.
Көріп жүрміз кесапаттың біразын,
Құрып кетсін тіл білместік құба жын.
Барша қазақ өз тілінде сөйлесіп,
Ұлттық рухым биіктесе ләзім.
Көрсін әлем дербес елдік ғажапты,
Мемлекеттік тілі жеңген қазақты!
ІІ
Қазағымның жан баураған дәруі,
Ел ұраны «Елім-айдың» зар үні.
Қожаберген, Бұқарлардан басталған
Төле би, Қазыбек, Әйтекелер қалыбы.
Сол қалыпта рухым үдеп келеді,
Сол ұрандар қиналғанды жебеді.
Әйтекенің келді бүгін төріме
«Өзіңді өзің басқар, қазақ!» дегені.
Отар, бодан кешсек талай азапты,
Жүрегімді тәуелсіздік тазартты.
Басқа ұлттарды біз қаншама сыйласақ,
Олар сонша қадірлесін қазақты.
Мейірбандық деңгейінде табылам,
Бабалардың рухына табынам.
ІІІ
Отаным бар тұғыры берік орнаған,
Даңқы асқақ бүкіл әлем қолдаған.
Жер мен суды меншікті етті мәңгілік
Бабаларым сойылымен қорғаған.
Берді Тәңірім қамыққан ел тілегін,
Шекараны бекіттік деп білемін.
Қырсық кезде Хрущевтар қызыққан
Қорғап қалдық жердің торғын кілемін.
Қазақ елі – бостандықтың тірегі,
Еуразия кіндігі боп түледі.
Оны қорғау – әр қазақтың парызы,
Аттамастай арсыз дұшпан бір елі.
Елтаңба мен Ел туы, Әнұраны,
Бүкіл қазақ жүрегінде тұрағы.
ІV
Қазақ деген мейірбан, мырза халықпыз,
Қонақ келсе құдайдай биік таныппыз.
Соғыс жылдар, ауыр күнде сан ұлтқа
Қорған болып, барды ортаға салыппыз.
Қыз қылықты, ұл бауырмал кісіге,
Инабат, тәртіп мол еді үлкен-кішіде.
Ең алғашқы Қытайдан келген қазақтар
«Оралман» деген ат кірген жоқ түсіне.
Жүдеу болса біреу біздің ауылда,
Ел жиналып, барын берді бауырға.
Тап осындай ата дәстүр үлгісін
Соғып жатыр осы күнде сауырға.
Ұлт дәстүрін заңнан биік сақтайық,
Ата-баба ақ сенімін ақтайық!
V
Тұрмыз бүгін дара жолдың басында,
Көз тігеді досым ескі қасымда.
Қазақ жері газ бен мұнай тасытып,
Табыс төкті кен байлаған тасым да.
Шетелдіктің құлқын зерлеп баққайсың,
Олигархтар ұтып кетіп барады.
Капиталистің ақымағын таппайсың,
Жер байлығын жұтып кетіп барады.
Көп тізбектеп бітер дейсің қай мұңым,
Маған қымбат намысқа елдің сайлығы.
Жер байлығы – ата-баба бергені,
Болсын деймін әр қазақтың байлығы.
Әлемге әйгі Эмираттарға қарашы,
Бақыт құшты өз ұлтының баласы.
VІ
Жүрегімді нұрлы тілек тазартты,
Түсімде де Абайшыл үн наз артты.
Басқа ұғым бастырмалап, кей мырза
Өз дінінен айырмасын қазақты.
Жанып тұрса «уаххавистер» арайы,
Өңшең жылпос, әккі, қулар маңайы.
Исламды қорғаушылар босаңсып,
Өзге дінге кетті қазақ талайы.
Қанға сіңген салтымызды қолдайық,
Дінге деген адалдықты жолдайық.
Атам қазақ рухы үшін ешкімге
Жайлы қорым, майлы соғым болмайық.
Тәуелсіздік адалдыққа бастасын,
Адамды адам алдағаннан сақтасын.
VІІ
Көз жүгіртсем көкейкесті әр маңға,
Ауылдарға оқыр кітап барған ба?
«Жоқ» деп айтам, мәз болдық қой қалалық
Дүкендердің бір бұрышын алғанға.
Ортақ ақыл, парасатты іс керек,
Ал өйтпесек... өгей қылық күштемек.
Ауыл кітап оқымаса... қазағым
Өзінің тілін өзі қыршып тістемек.
Бұл тұжырым емес ұсақ шөп-шалам,
Мұң бөліссең түсінді деп тоқталам.
Сақтамасаң ұлт ұясы ауылды,
Тіл күрмеліп, қиналамыз деп қалам.
Әлімсақтан ауыл – тілдің анасы,
Ауылда өсті талай қазақ данасы.
VІІІ
Қатты батты жазушыны ұрғаны,
Арықтатты нарық түлкі бұлғаңмен.
Қаламақы кетті батып құрдымға,
Байтақ елде көп жақсылық туғанмен.
Ұлттық байлық – өнерпаздың дарыны,
Келеді үдеп Алаш сүйгіш сарыны.
Күйде жанды Нұрғисаның жұлдызы,
Жырда үдеп тұр Мағжандықтың жалыны.
Әлемге әйгі жоғалтпақшы барын кім,
Кітабы аз ұялтады сағым күн.
Тың шығарма сырын ашып ауылда
Отыратын күндерімді сағындым.
Киелі жан – қаламгерді қолдайық,
Абай, Мұхтар түлектерін қорғайық!
ІХ
Жас пен кәрі әнге үйір елімде,
Даусым ашық сексендегі менің де.
Бала күнде жаңа әндер балқытып,
Басылатын жанға батқан шерім де.
Осы күнде ән көкесін қудырған,
Маңызы жоқ даңғазаны ту қылған,
Кей жаңа әндер тудырды у-шу, даңғаза,
Сабақ алған Батыс берген судырдан.
Сұлу әндер – даналардың өрнегі,
Сан ғасырлар қасықтап елдің тергені.
Жақсы әуез – қазақтың жан серігі,
Асыл әндер – Жаратқанның бергені.
Жаңа әнде айтып әсем, ашық сыр,
Дәстүрлі әнге жас ұрпақты ғашық қыл.
Х
Асыл күйлер – бай мұрасы халқымның,
Жан азығы – шертпе, төкпе – жарқын үн.
Ұлттық бейнем – домбыраның күмбірі,
Күй – тарихым, биік шыңы салтымның.
Күй – қиялым, азаттықтың зар үні,
Алла берген көшпелілер дарыны.
Шер-шеменін күймен айтты даналар,
Күйде жатыр қазақ дүниетанымы.
Сол киелі салтты бұзып қағынды,
Кей күйшілер сартта-сұртқа табынды.
Ырғақ бұзған құрғақ қырғын соқпалар
Шоқ түскендей күйдіреді жанымды.
Күй үзімін бабаларша баптайық,
Домбыраны әрбір үйде сақтайық.
ХІ
Өнерпаздар – ұлттық бейне қорғаны,
Суретшілер бұл талапты қолдады:
Бояуымен ояу елді көрсеткен
Қандай бақыт дүлдүлдердің болғаны.
Шын қазақы мүсіншілер жаны ішкі,
Абай, Шоқан бейнесімен табысты.
Көрген адам мың-мың алғыс айтады
Бауыржан, Жамбыл, Ақан, Сәкен, Қанышты.
Бұл орайда сәулетшілер кемістеу,
Көшелерді көріп болмас келіспеу.
Өзге тілден аударған кітап секілді
Қалаларда мешіттен басқа желістер.
Көне қазақ белгілерін сайратшы,
Ұлттық бейне көркін күндей жайнатшы!
ХІІ
Осал жерім табиғатты қорғауда:
Арал үшін түссек-тағы мол дауға...
Қайран теңіз жылап кетіп барады,
Жетім қыздай туыс таппай қорғауға.
Кіші Аралым жәрдем тапса қазақтан,
Үлкен Арал қайғысы мол наз артқан.
Барша адамзат баласының алдында
Ұят болды-ау бір теңізді талатқан.
Көз алдымда киіктерім жоғалды,
Қанды қолдар атқан арсыз оғы алды.
Төрдегілер қатал тәртіп орнатпай,
Арқалады аң мен құсқа обалды.
Отаныңа арнағандай жан үзім,
Табиғатты қорғау, қазақ, парызың!
ХІІІ
Елордадан Бурабайға барғанда,
Бір жетесің жолаушылық арманға.
Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолдарын
Баға жетпес туған елім салғанға.
Астана мен Қарағанды арасы
Жан бауратып жалғасқанын қарашы!
Ауылдарға тап осындай жол жетсе,
Алақайға басар қазақ баласы.
Жақсы жолдар – мемлекеттік бейнеміз,
Түсінбейміз тап осыны кейде біз.
Әуе жолы, темір жолдар, асфальт жол –
Барлығынан жақсылық күткен пендеміз.
Ерен-ғайып елге тиер пайдасы,
Жақсы жолдар – ұлттық бейне айнасы.
ХІV
Арман шебі – алғандығы ел теңдік,
Бүгін жеңді келер күнге сенгендік.
Әлемде бар өркениет жолымен
Талай биік қырқаларын меңгердік.
Әттең, әлі құлшынған боп атойлап,
Кей шенділер жүр ғой елді аз ойлап.
Жемқорларды көріп-көрмей аһ ұрса,
Парақорлық салып жатыр таза ойнақ.
Адал, таза табыскерлік дұрыс дер,
Жер бетінде туып жатыр ұлы істер.
Немістер мен жапондарға қарашы,
Бүкіл халқы намыскер һәм жұмыскер.
Намыскерлік – ұлттық бейне діңгегі,
Қажет боп тұр соны қазақ білгені.
ХV
Аз емес-ау кенші күнде көргенім,
Ардақтайық ата мирас жер кенін.
Әр қазақтың байлығы деп қорғайық,
Құн-жын қылмай жер астының бергенін.
Талапайға туды ерекше сайлы күн,
Одан артық болар дейсің қай мұңым?
Шапшаң құрып бара жатыр сатылған
Ата мирас менің ұлттық байлығым.
Қайдан алды магнаттар сонша байлықты?
Есеп беріп қай мырзалар қаймықты?
Жаңаөзенде сұмдыққа да ұрындық,
Кейде дұрыс бермей заңды айлықты.
Ұлттық бейне іздеу деген далбаса,
Барға қожа ұлттық ұстын болмаса.