14.06.2022
  369


Автор: Кәкімбек Салықов

ТІЛІҢДІ ҚОРҒА, ҚАЗАҒЫМ!

Тіл – ұлтымның тірегі,
Таңдатпай тағдыр жолдаған.
Тіл – ұлтымның жүрегі,
Лүпілін Алла қолдаған.
Тіл – Қорқыттың арманы,
Асан Қайғы өрлеткен.
Тіл – Абай сөз орманы,
Бұталы тармақ ержеткен.
Тіл – тіршілік жалыны,
Қызуы сөнбес от болар.
Тіл өшсе, өмір сарыны
Жалыны өшкен шоқ болар.
Мән берсең әрбір сөзіме,
Жанайқайын жазамын.
Өз қолың жетсе өзіңе,
Тіліңді қорға, қазағым!
Тіл – Абылай ұраны,
Дербестікке бастаған,
Тіл – Махамбет пырағы,
Сегіз сері қостаған.
Тіл – «Сарыарқа», «Саржайлау»,
Құрманғазы, Тәттімбет.
Тіл – туған жер, ақ жайлау,
Ақ сүтпен сіңген ақ міндет.
Тіл Мұхтарды тудырған,
Білсін деп бізді бар ғалам.
Тіл Жамбылды ту қылған,
Жеткенше жүзге сайраған.
Зер салсам Мағжан сөзіне,
Аңқып тұр талай азалы үн.
Өз қолың жетсе өзіңе,
Тіліңді қорға, қазағым!
Тіл – жалықпас мұрагер,
Шоқанға жоқтау арнаған.
Тіл – «шаппай бер» Құлагер
Алдына жүйрік салмаған.
Тіл – Төлеген ажалы
Саналы жанды күрсінткен.
Тіл – Қыз Жібек ажары
Жүрегі барды сүйсінткен.
Тіл – үзілмес өз үнім
Шарықтап құмар қандырған.
Тіл – Ләйлі, біз – Мәжнүн,
Махаббат естен тандырған.
Ұмытып бәрін қалмастай,
Шекпестей қорлық-мазағын,
Тәлкекке заман салмастай,
Тіліңді қорға, қазағым!
Тіл – той-думан ғажайып,
Немерем тілі шыққан күн.
Тап кеше құным азайып,
Тап бүгін бәрін ұққанмын.
Тіл – ұлтымның намысы,
Ақылға қанат байлатқан.
Тіл – мызғымас ар ісі,
Бабалар жауын жайратқан.
Ғұмырын тілге арнаған,
Мұзафар аға, көп жаса!
Қай көлім құссыз қалмаған,
Қызғышы сендей болмаса!
Ұқсаған алтын-жезіңе,
Әр сөзде жарқын базарың.
Өз қолың жетсе өзіңе,
Тіліңді қорға, қазағым!





Пікір жазу