14.06.2022
164
КӘРІЛІК ШАҚЫРҒАН ЖОҚ, ӨЗІМ КЕЛДІМ
Көргем жоқ кәріліктің жамандығын,
О, тәубе... күш-қуатым аман бүгін.
Жалықпай ерте тұрып, кеш жатамын,
Көтеріп тыным бермес қалам жүгін.
Ел-жұртпен баяғыдай сыйластығым,
Достармен үзілмейді мұңдас күнім.
Көремін көздерінен мектептестің
Кемпір боп қалса-дағы қимастығын.
Кәрілік шақырған жоқ, өзім келдім,
Басылды асау күші сезім-селдің.
Шөберем төрде жайлап, думандатса,
Өткен күн қайта оралмас кезін көрдім.
Өмірдің қысы орнаса, жазы бітіп,
Қалған жоқ қайран көңіл назы бітіп.
Қыздары ауылымның елестейді
Тұрғандай ел шетінде әлі күтіп.