14.06.2022
  253


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖАҢААРҚА – ӨНЕР ОРДАСЫ

Аудан дейміз аты әйгілі аймақты,
Алтын аймақ әсем көркін жайнатты.
Осы жерде бүгін өнер ордасы,
Көріп тұрмын сүт бетінде қаймақты.
Шөл мен дала Жаңаарқада белдеуі,
Содан молдау төрт мүлік мал төлдеуі.
Сылқыл қағып бара жатыр Сарысу,
Жарқ еткендей Дайрабайдың белбеуі.
Орман, дала, өңкей сұлу қырқалар,
Көзің шалса, жүрегіңнен жыр тамар.
Жігіттері тартып туған Сәкенге,
Сұлулармен әудем сәтте тіл табар.
Қалдық, шіркін, Игілікке зәру боп,
Шырқаушы еді-ау бойда дертке дәру боп.
Жағыпардың «Сағынышын» төгілтіп,
Қорабайды іздемейтін ару жоқ.
Бір тыңдасаң есте мәңгі сақтайтын,
Күй қалды ма Мұхамеджан тартпайтын?!
Қазағымда мақтан етпес әнші жоқ
Ақселеудің «Дәурен-айын» айтпайтын.
Қайраттары Біржан салша сайраған,
Бекболаттар – жаңа қарқын қайнаған.
Сал-серілер бүгін, достар, осында
Баяғыда Көкшетауды жайлаған.
Жаңаарқаны мақтан ету жетегі,
Ата мирас тым аулаққа кетеді.
Соның бәрін ұзақ сонар тізбей-ақ,
Сейфулиннің елі десе жетеді.





Пікір жазу