14.06.2022
150
![](/uploads/shorttexts/author_image/maxresdefault-1.jpg)
ҚАМСАҚТЫ
Ауылымның өзені алдымда,
Ол келді... әлде мен бардым ба?
Балалық базары аңсатты
Жағаңда қалдырған, Қамсақты.
Таусылмай айтар наз іңірден:
«Ұрсады-ау апам...» – деп жүгірген.
Өзіңдей қарайлап жан-жақты,
Жүгіріп барады Қамсақты.
Алғашқы кездескен кезімдей,
Жүректе жылт еткен сезімдей.
Сүйіскен толқындар тамсантты,
Сыбырлап ағады Қамсақты.
Сен берген ақ түбіт бөкебай
Секілді желбіреп өтеді Ай.
Сағындым, сағыныш шаршатты,
Жағаңа жетсемші, Қамсақты.