14.06.2022
  145


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕСЕНБАЙ ДҮЙСЕНБАЙҒА АЛҒЫСЫМ

Жақсы ақынды жақтап өтер жамағат,
Сәтті ісіңе еттік үлкен қанағат.
«Пырақ мініп»,
«Шырақ жағып» қолыңмен,
Иасауиді аударғаның ғаламат.
Әр хикметі ұясындай ұлардың,
Туды оларды ту етуге құмар күн.
Беделің мол, атың айғақ ақын ең,
Не де болса Айды аспанға шығардың.
Жүйелі сөз киелі оймен қабысты,
«Өле сүю» дерті саған жабысты.
Қожа Ахмет жүзін көріп қайтқандай,
Дана рухы өзіңмен де табысты.
Ол әлемдік төрге күшін баптапты,
Пайғамбардың аманатын ақтапты.
Мінәжат етіп ықыласына Алланың,
Терең ойын сұлу жырмен хаттапты.
Сен көтерсең «Диуани хикмет» қадірін,
Ел атынан жасағаның тағылым.
Арыстан бабтың сөзінен алған тәбәрік,
Жарқыраттың хикметтер шымқай лағылын.
Жылдар өтті, мақтан етер келді күн,
Жыр-шуақтан жылу алдым мен бүгін.
«Даналық кітап» сен аударған, Есенбай,
Қожа Ахмет ескерткіштей ерлігің.
Жуытпайық іштарлықты, ағайын,
Ұмытпайық қасиетті оқу арайын.
Ұлықтайық Есенбайдай еренді,
Нұрландырған поэзия сарайын.





Пікір жазу