ҚҰТТЫҚТАЙДЫ АТЫРАУ МЕН АҚТАУЫМ
Дүбірімен Геркулестей зор күштің,
Шахтер қауым батырлармен тең түстің.
Асқар Алтай теңселгендей екпінмен,
Шашу шашты толқындары Ертістің.
Еділ – Жайық
Әнге қосып жан сырын,
Жырға орады оралғандай жас күнің.
Жетісудың өзендері желдіртті
Саған арнап бұйра толқын тасқынын.
Жер бетінде жоқ қой сенің наразың,
Саба-саба шарап тартты Таразым.
Ордабасы бата берсе, қосылды
Қаратаудай жер абызы дара шың.
Келе қалса кең айдында шомылғың,
Шақырады толқындары Тобылдың.
Қостанайға қос тілекпен қосылып,
Қызылжар да сәтін күтті жолыңның.
Елеңдеген болар-ау деп бір тойың,
Мерейлі үнің масайратты Сыр бойын.
Сыр сұлуы қыр жігітін сағынды,
Кездесуге арнағандай жыл бойын.
Байтақ елдің кәрі-жасы қалмады,
Жер тілегін,
Ел сәлемін арнады.
Тас көмірмен жас күніңнен жылытқан
Барша қазақ жан жылуын арнады.