14.06.2022
  106


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕСЕНБЕРЛИН КІМ ДЕСЕҢ...

«Ғасырдың көркін құраған
Екі-үш қана роман», –
Депті Пушкин кезінде,
Сол ұғым әлі дін аман.
«Абай жолы», «Ботакөз»,
«Көшпенділер» болар сөз.
«Тар жол, тайғақ кешу» бар,
«Қан мен тер» ойға қонар тез.
«Алмас қылыш», «Жанталас»,
«Қаһармен» туды сан талас.
Өрт лаулады көңілде,
Дерт қаулады тарқамас.
«Көшпенділер» тармағы
Қырандай көкте самғады.
«Қаһарды» оқып бар қазақ
Жүректерін жалғады.
«Көшпенділер» бұтағы,
Жеке-дара ұтады.
«Қаһар» болды әр үйдің
Сүйсініп оқыр кітабы.
Айдынға бұрдым кемемді,
Сескентпес қарсы жел енді.
«Қаһарды» оқып түсіндік
Ұлттық сезім дегенді.
Ашылды жабық жылғалар,
Жарқ етті сәуле нұр жағар.
Бой жазып көзге көрінді
Ел көркі ұлы тұлғалар.
Ардақты есім – Абылай,
Кенесары, Наурызбай,
Бөгенбай мен Қабанбай,
Ақжолтай батыр Ағыбай,
Қолдауға жүрген жарымай...
Кеңестік сарын зілденді,
Ұлттық ұғым именді.
Аз біліп өстік Қазыбек,
Әйтеке, Төле билерді.
Өжеттік билеп санасын,
Жер мен көк ашты арасын.
Есенберлин паш етті
Туған ел талай данасын.
Тебірентті қазақ баласын,
Жайнатты саңлақ дарасын:
Сойылымен қорғаған
Көкшетау мен Алатау,
Алтай, Атырау арасын.
Ой-өріс бұзып қамауын,
Көтерген елдің жалауын,
Есенберлин кім десең,
Дайын тұр айтар жауабым:
Бодандық тисе кеселі,
Ашылды шындық еселі.
Ол – біздің ұлы жазушы,
Тарихшылар көсемі.
Ақылдың салып тезіне,
Қаратқан елді сөзіне;
Есенберлин – ғұлама,
Ұлттық айқын шежіре.
Кешкен жоқ ол жеңілді,
Намысқа ұлттық берілді.
«Көшпенділер» қорғап тұр
Атадан қалған жерімді.
Көңілде қозғап елеңді,
Толғанды болжап тереңді.
«Көшпенділер» ұлғайтты
Ұлттық намыс дегенді.
Білместіктен арылып,
Телегей сырға жарыдық.
Өзімізді өзіміз
«Қаһарды» оқып таныдық.
Жорықта берік шатыры,
Жеңіспен тынған ақыры.
Ілияс аға – кемеңгер,
Қазақтың қайсар батыры.
Тарихта өшпес таңбасы,
Дауылпаз берік арнасы.
Есенберлин – ақтангер,
Махамбет, Мағжан жалғасы.





Пікір жазу