14.06.2022
  154


Автор: Кәкімбек Салықов

АРНАУ

Өжеттікті мінез етіп сайладың,
Ерлігіңмен берік қазық байладың.
Өзің өтсең, рухың қалды артыңда,
Жәлел аға, міне, қайта жайнадың.
Ел құрметін ардақтап та, жөптеп те,
Қуаныштан өз жүрегім көктеп те,
Келіп тұрмыз қаумалаған халайық
Қизатовтың атындағы мектепке.
Көз алдымда жайқалғандай көк егін,
Жауқазын жас балдырғанды көремін.
Алма-кезек оқып жатты балалар
Батыр аға – ақын аға өлеңін.
Сөз келгенде айттым алғыс оларға,
Одан артық көрімдігім болар ма?!
Жыр жинағын жаңа шыққан сыйладым,
Жас мұражай іші өлеңге толар да.
Білім төрі тапты құтты жарасым,
Лайық екен ағамызға нар асыл.
Сәнді мектеп,
Мұрағат жаңа тақта да
Көркейіп тұр Қызылорда қаласын.
Құрмет етіп 80-дегі жасыңды,
Әнмен, күймен, бимен шашу шашылды.
Жәлел аға, дән разы бол осыған,
Өлместікке үлкен белгі ашылды.





Пікір жазу