14.06.2022
  186


Автор: Кәкімбек Салықов

Алпыстан асқан жас болмас...

Алпыстан асқан жас болмас,
Жөн табар мың бір тілегің.
Арулар аса қас болмас,
Ұрлата салар жүрегін.
Жетпісте жүрдім желпініп,
Жас емес, әрі-сәрі боп.
Қалса да жылдам жел тиіп,
Серілік бітпес нәрі көп.
Сексенге жеттім серпіліп,
Тағдырдан көрмей тапшылық.
Қалғам жоқ оқыс мертігіп,
Сабада сарқыт баршылық.
Қызуын шабыт жоймаймын,
Тергендей еңлік гүлдерді.
Сөз қазған сәтте ойлаймын
Жез қазған кенші күндерді.
Тірліктен қалмас көңілім,
Болса да жүрек жаралы.
Ендігі өлең – өмірім,
Тоқсанға көзін салады.
Толағай қоймас санаспай,
Тоқсанның қалың орманы.
Тоғайдан сол бір адаспай,
Толғанып өтсем болғаны.





Пікір жазу