14.06.2022
  205


Автор: Кәкімбек Салықов

АСЫЛ АНА ЗИРАТЫНДА АҚ ҚАЙЫҢ

Аралап Фазыл елін барғанымда,
Шарбақкөл көрдім ескі шарбағын да.
Көз тартты зор ақ қайың зират жақта,
Жайқалған жас қайыңдар жан-жағында.
Әулетке Алла берген жанашырдай,
Басында ардақты ана ағашын-ай!
Ақ қайың Фазыл еккен жан баурайды,
Тоқсаннан асып өткен анасындай.
Көңілдің қоштасқанда табылды емі:
Егіліп бір талшыбық қалып еді.
Бойы зор, жапырағы мол ақ қайыңға
Бұл күнде табынады қалың елі.
Балқытар нұрлы шуақ күн көзіндей,
Шалқытар жылы лебі гүл-сезімдей.
Жамылған жасыл желек көрінеді
Меккедегі мешіттің күмбезіндей.
Әнді ағаш – бұлбұлдары сайрап тұрған,
Сәнді ағаш – сәуле жұтқан әйбат нұрдан.
Жанды ағаш – қарт ананың дәл өзіндей,
Жас ұрпақ болашағын ойлап тұрған.
Жұмағи таза желмен таранғандай,
Бауырында Ана-қайың самал қандай!
Нәр алған бүршігінен жас өрімдер,
Өсіп тұр бір анадан жаралғандай.
Алыптың құрмет етсек анасына,
Нар екен басында өскен ағашы да.
Нар болды мұң-наланы ұмыттырған
Фазылдай дара туған баласы да.





Пікір жазу