БАТЫР
(Сағадат Нұрмағамбетовке)
Ешқашан батырмын деп жар салмаған,
Адам жоқ Сағадатқа таңғалмаған.
Қазақтың көзін жұмды батыр ұлы
Кеңсесін Гитлердің талқандаған.
Әр сарбаз ұмтылса өз шешімімен,
Күн туды жаудың үні өшірілген.
Рахымжан Рейхстагқа ту тіккенде,
Сағадат кірді атойлап есігінен.
Ер еді асыл, бекзат, зиялы, адал,
Қалайша оны өлімге қияды адам?
Жасынан жауға шапқан қайсар еді,
Батырлық, даналық пен ұялаған.
Елбасын сын сағатта қолдағанда,
Тағы да басты берік оң қадамға.
Қорғаныс министрі болды тұңғыш
Еліме Тәуелсіздік орнағанда.
Берсе де Алла сонша құзарт күшті,
Сұм ажал әкетем деп ұзақ қысты.
Сарыарқа саңлағынан айырылды,
Алатау бір жартасы құлап түсті.
Қимайды оны өлімге көңіл деген,
Отырмын мұң бөлісіп елімменен.
Алды жарық, иманы серік болсын,
Осы екен ғой опасыз өлім деген.