14.06.2022
  237


Автор: Кәкімбек Салықов

АҚЫНДЫҚТЫҢ ПАТШАСЫ

(Сәкен Сейфуллинге)
Сәкен маған кім десеңдер, ағайын,
Ол – ұстазым, ерте құшқан арайын.
Бала күнде тығылып жаттап, оқумен
Жабық жатқан аштым жырдың сарайын.
Ұмыту жоқ қорлық көрген ғасырын,
Содыр билік құртты қазақ асылын.
Сол заманда интернаттағы балалар
«Көкшетауын» айтушы едік жасырын.
Сұлу жыры жылу төккен нұр еді,
Әсем әннен жаным ерте түледі.
Неге ынтық болғанымды айтайын:
Сәкен ағам сұлулықтың құлы еді.
Кенші болып Жезқазғанға келгенде,
Ұқтым сырын аққу қонған көлден де.
Қырда киік лүпіл қосты жүрекке,
Қызыл ішік киген қызға шерменде.
Сезім селі – Сәкен әні арнасы,
Көкірегімде қалды мөлдір таңбасы.
«Жезкиігім» – кең жалғанды жайлаған,
«Тау ішінде» шыққан әннің жалғасы.
Кемеңгерлік сан үлгісі жалғанды,
Жақын тартты талай өжет тарланды.
Үкіметке басшы болған кезінде
Қолдап кетті, қорғап өтті Мағжанды.
Сұм саясат кешсе сойқан азабын,
Бірге көрді олар оғын қазаның.
Кей ақымақ не десе де,
Ешқашан
Қос дүлдүлін айырмайды қазағым.
Сансыз қыры айтылса да қаншасы,
Есіміне жарасып тұр баршасы.
Ұлы тұлға, өжет туған дауылпаз,
Сәкен деген – ақындықтың патшасы!





Пікір жазу