14.06.2022
  123


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАРАШІЛІК

Бауырыңнан сұңқар ұшқан дара шығып,
Сәлем ал, киелі жер Қарашілік.
Көргенде ақын аға басқан ізін,
Жүрегім лүпілдеп тұр аласұрып.
Құлындай қос биені бірдей емген,
Еркемін Көкше, Ұлытау іргеленген.
Жаттадым Сәкен аға талай әнін
Күндерде ел есімін білмей келген.
Көнгендей асау ақын үкіміне,
Жер қандай ұқсас Сәкен бітіміне.
Ардақты перзент туған асыл алқа,
Бас ием ауыл-аймақ түтініне.
Жебеді қарқын қосып қарқыныма,
Бөледі Ортау, Аба таң нұрына.
Күлімдеп төбесінде күн билеген,
Бас ием кербез шыңдар жарқылына.
Тебіреніп жетсем тойлы хабарыңа,
Сарыарқа, бір шомылдым самалыңа.
Жасынан асыл аға құмар болған,
Бас ием қырда киік жанарына.
Себеп көп мен толғанып жүгінерге,
Аңғардым бірін көлде, бірін жерде.
Белімді бес бүгілтіп тәжім етем
Сәкенді көзі көрген тірілерге.
Ақ тоғай арасында құмай белдің,
Көзіме, Қарашілік, ұнай бердің.
Жазықсыз дүлдүліңді оққа қиған
Кер заман кешірімін сұрай келдім.
Ушықса оқ дарыған сана бүгін,
Өзім де жезкиіктей жаралымын.
Тілеймін, Қарашілік, ұл-қызыңа
Сәкеннің сұлулығын, даралығын.
Өзгерді дербес ел боп ұран бүгін,
Әйтпесе дәл осылай шығар ма үнім.
Елім деп еңіреп туған ұлдарыңа
Сәкеннің берсін алғыр қырандығын.
Құт мекен баурайыңнан дана шығып,
Атыңды айғақ етті Алаш ұғып.
Сәкеннің кіндік қаны тамған жері,
Әлемге әйгілі бол, Қарашілік.





Пікір жазу