14.06.2022
  402


Автор: Кәкімбек Салықов

САҒАДАТ – ЕР ЖІГІТТІҢ АҚСҰҢҚАРЫ

Қазақта батыр да көп, ақын да көп,
Парасат қонған кемел ақыл да көп.
Көргенде Сағадатты алғашқы рет
Бірі деп ақсұңқардың мақұлдап ек.
Саңқ етті салтанатты зор мінбеден,
Тұлпардай салты қызық еркіндеген.
Тым-тырыс кең сарайда мың-мың адам,
Қалмады тірі пенде серпілмеген.
Аспаннан түсе қалған жарқын жұлдыз,
Жайнатты той төрінде парқын күндіз.
Секілді сал қарағай сұңғақты екен,
Қалардай көз алдында талып мың қыз.
Қаз дауыс, қоңыр барқын үні қандай,
Шыққан жоқ бір ауыз сөз иі қанбай.
Дүркіреп, жер тепкілеп жылқы өткендей,
Халайық ду қол соқты бірі қалмай.
Қалдырмай ірі, кіші бір ісін де,
Асылды ардақтайық тірісінде.
Ол керек кейінгіге үлгілікке,
Ол парыз көріп-білген біз үшін де.
Сыпайы, қарапайым, атағы ірі,
Қосылды оған шатты аталығы.
Жарасты 75-ке келсе бүгін
Армия генералы сақалығы.
Өткен күн өзгерткен жоқ сом алмасты,
Қан майдан, бейбіт күн боп жол алмасты.
Тарихи бұл генерал – дербес қазақ
Қорғаныс министрі ең алғашқы.
Белгілі елдің кеше бодан жайы,
Болмады бостандықта одан сайын.
Ақ міндет, адал іспен ол атанды
Президент Нұрсұлтанның Қабанбайы.
Жүйріктей келіп тұрған шын бабына,
75 салды жаңа ырғағына.
Батыр де, генерал де, жігіттіктің
Қараңдар қамал бұзар сұлтанына.
Титімдей ақ түспепті қара шашқа,
Паң кербез, қимылы да дара, басқа.
Жеңеше, байқап ұста ағамызды,
Ол бізден тез ұнайды қаламқасқа.
Туған ел көп көтерсе ғажап жүгін,
Таңғалмас отандасым аз-ақ бүгін.
Танытты Сағадат аға қайда жүрсе,
Шабытты, намысы мол қазақтығын.
Жан аға, 75-ің құтты босын!
Басыңа жолатпасын бұлтты өр шың.
Егделік қақ төріне еркін жеттің,
Қажырлы күш-қуатың мықты болсын!
Жалғасса Мұхтарлармен атың көпке,
Өтеді жырға орап Кәкімбек те.
75 генералға дым жүк емес,
Біздермен аңға шығар атыңды ертте.
Аға боп асылдарға теңесең сен,
Іні боп өзек жара кеңесем мен.
Сексенге сергек жетіп, Сәке, мығым,
Жүзге жет қолтықтасып жеңешеммен.





Пікір жазу