14.06.2022
  142


Автор: Кәкімбек Салықов

АҚЫНҒА БҰЛ ФӘНИДЕ ДЕМАЛЫС ЖОҚ

Тұманбай!
Сен қазақтың «Тұмашысың»,
Алатау сілемінде құба шыңсың.
Туғанда жаңа өлеңің қуанамын,
Қыз-шабыт тың бағытқа құлаш ұрсын.
Өлеңмен өтті сәтті көктемдерің,
Сағыныш қостың күзде өкпен желін.
Құрметтеп жүрген жерің аяласа,
Әнге орап сен де оларды көркемдедің.
Өскенің қандай қызық тау маңында,
Кездесті бөктерінде жан жарың да.
Жоқ шығар сені сүймес қыз-келіншек
«Еңбекші қазақ» атты ауданында.
Мұхтардай елдің сыйлы асқарын да,
Кенелттің махаббатшыл жастарын да.
Сұлулар Тұмаш десе сылаң қағып,
Жүр дейді сені әлі жас шағыңда.
Тусаң да қарлы шыңдар сілемінде,
Балқиды дала сыршыл кілең үнге.
Ерке наз, әсем қоңыр өлеңіңмен
Сен жүрсің туған елдің жүрегінде.
Жырыңа, әр себепке тұрар дайын,
Өзгеден қуанышым ұлан-ғайыр.
Алатау, Жетісумен таласпаңдар,
Ол – менің ұлытаушыл Тұманбайым.
Толағай дария тасқын ішінде өлең,
Қазақ жоқ Тұмаш жырын түсінбеген.
Алыста «Құстар әнін» айтып жүрдім,
Қосақтап «Жезкиікке» түсімде мен.
Салса кім «көп жазғыш» деп дара сынға,
Күйгені көзі озық қарасынға.
Күрсінбе күндестерге, мақтанға ерме,
Ақындық шек жоқ мәңгі таласында.
Ойлама жетер құзарт тым алыс деп,
Алда күн ағындасын тың жарыс боп.
Құдайдың бергені де осы шығар,
Ақынға бәл фәниде демалыс жоқ.





Пікір жазу