14.06.2022
  101


Автор: Кәкімбек Салықов

МАХАМБЕТ – АҚЫНДЫҚТЫҢ АЛДАСПАНЫ

Махамбет десек, Мағжан келеді еске,
Тікелей тартып туған ер емес пе.
Шарт сынған бұлтқа жетіп найзағайдай,
Арыстан Айға шапқан келеді еске.
Қазақтың қайсар мінез тебегені,
Толтырды ыза-кекке кенерені.
Абайға жақын тұр деп Мұхтар айтса,
Сол шығар Махамбеттің жебегені.
Жөн сөздің алып-қашпа желігі жоқ,
Өтті ғой Сегіз сері серігі боп.
Исатай, Махамбетті жоқтағаны
Қалды артта асыл жырдың өрімі боп.
Бауыржан, жау тойтарған Рахымжандар –
Махамбет ұшқыны бар батыл жандар.
Рухы асыл дана ерте қонған,
Бәрі де асау тұлға ақын жандар.
Жалықпай көл қорыған құстың үні,
Жайықтан естілгендей қыстың күні;
Қайсарлық берді ақын Қасымға да
Махамбет жебесінің ысқырығы.
Кетердей елім байып, жерім кеңіп,
Арманшыл әр сөзінде сенім берік.
Ол кеше қапы қалса, бүгін жеңді,
Дербестік мол шаттығын елім көріп.
Биіктеп бүгін батар қалды аспаны,
Артында асыл ізін шаң баспады.
Самғатқан көшпелілер соңғы сөзін,
Махамбет – ақындықтың алдаспаны.





Пікір жазу