14.06.2022
  89


Автор: Кәкімбек Салықов

ДҮНИЕ БАРАДЫ СЫРҒАНАП

Ойлансам өмірге бір қарап,
Орнайды көңілге сыр ғажап.
Бұлттардай аспанда жылжыған,
Дүние барады сырғанап.
Сызыққа жеткенде туралап,
Қимастық көңілге мұң қамап.
Жан анам өтті ғой өмірден,
Батқан күн сияқты сырғанап.
Кей жайлау төсіне гүл қадап,
Аққу-қаз қанатын сырғалап.
Ертерек қоштасқан көктемдей,
Жастық шақ жоғалды сырғанап.
Қара көз қадалса бір қарап,
Сұм жүрек кімдерді тыңдамақ?
Еркіне алғанда меншіктеп,
Құшаққа түсіппін сырғанап.
Ой жеткен биікке ту қадап,
Ұл-қызым жасады тың талап.
Немерем іңгәлап жатқанда,
Елу жас өтті ғой сырғанап.
Әр күнің мың жылдай құндамақ,
Біткен іс аз-көбін бір санап.
Алатау бауырында шаңқай түс –
Алпыс та аттанды сырғанап.
Құлшынып біткендей мың қанат,
Туған ел қарсы алған күн ғажап.
Жетпіске жүгіріп жетіп ек,
Сексенге барамыз сырғанап.
Есілге жеттік-ау жыр қамап,
Сағыншақ жүректі бір жамап.
Шөбере көруді армандап,
Екеуміз келеміз сырғанап.
Ойлантса межелі сын сағат,
Іздеймін тірліктен шын тағат.
Ән-жырым артымда қалса екен,
Жүректен жүрекке сырғанап.





Пікір жазу