14.06.2022
  103


Автор: Кәкімбек Салықов

ТҮРКІ ТЕКТЕС ЕЛДЕРДІҢ БАС АҚЫНЫ

Түркі тектес елдердің Бас ақыны,
Мағжан десең,
Жоқ қазақ сасатыны.
Түркістан деп, Тұран деп «көкке жетті»
«Көкіректен» азатшыл самғап үні.
Өзгеше едік сергектеу бұдан кеше,
Жылжып жүрді қасында жылан неше?!
Кетті атылып Мағжандар
«Түркі тектес,
Түпкі тегім ежелгі Тұран» десе.
Қапы кеткен замана дауылында,
Шекті азаптың шегі жоқ ауырын да.
Мағжан аға жұлдызы қайта жанды,
Күндер өтті көп салған қамығуға.
Мың жарым жыл толғанда Түркістанға,
Бақыт құсы дермісің бірге ұшқан ба?!
Арыстан баб, Қожа Ахмет, Абылайдан соң
Мағжанды атау бүгінгі кірді заңға.
Ол кеткен кез сұрқия заман еді,
Қалды артында қалқайып аман елі.
Мағжанды айтса Абайдан кейінгім деп,
Мұхтар салған орнықты дана белгі.
Ақ көңілді осылай ақтаралық,
«Сабыр түбі – сары алтын» сақтады анық.
Жалғыз оқпен жайратып тастаса да,
Тастау болмас ақындық тақтан алып.
Дәл осылай түсіну жөні бөлек,
Берді жаңа Түркістан өңі көмек.
Мағжан аға, сен де бір пайғамбарсың,
Жүрегіне туған ел қойған бөлеп.





Пікір жазу