14.06.2022
  96


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖЫР ӘКЕЛДІМ

Жыр әкелдім, қимас көңіл сырым бар,
Бөгде сөзбен айтылмайтын шыным бар.
Әуесқойдың әуесі емес жазғаным,
Беу, ағайын! Жан сырымды ұғыңдар.
Менің таңым ертеректеу атады,
Күнім-дағы кешіректеу батады.
Азаматтық арқалаған жүгім көп,
Кейде өлеңге қол да тимей жатады.
Содан болар, жыр оқуға асықпын,
Ел алдына ерте шығып машықтым.
Бір сиқырмен жастай баурап алғандай,
Мен өлеңге ес білгелі ғашықпын.
Көкейімде елдің шеккен зары бар,
Жүрегімде Ақан, Біржан әні бар.
Құлағымда Үкілі Ыбырай «Гәккуі»,
Шумағымда Құлагердің шаңы бар.
Мен сонымен шоқ жырымды әкелдім,
Өз сырымды, мұңын жаздым әкемнің.
Көкшетаудың сексен көлін жырлаған,
Сөйлемімде жалғасы бар Сәкеннің.
Кенші болдым әр қадамым қарышты,
Сан сайыста жібермеген намысты.
Жезқазғанның көшесінде жүргендей,
Көресіңдер өлеңімнен Қанышты.
Достарыммен сауық-сайран кешінде,
Ән қосамын аққулармен Есілде.
Жаяу Мұса «Ақ сисасын» шырқасам,
Кенен ата «Көкшолағы» есімде.
Кең әлемнің бар түкпірін кеземін,
Ән салмасам үзіледі өзегім.
Астанада «Бәйтерегім» ой қозғап,
Жол жалғайды менің өлең-өзенім.
Әр сөзімде әсері бар Абайдың,
Келешекке пәк сеніммен қараймын.
Аласапыран күнделікті көп іске
Мен де өзімді бір жауапты санаймын.
Қуанышта не келмейді ойыма,
Беу, құрбылар!
Қартайды деп мойыма.
Жыр әкелсем...
Ол – арнайы шашуым,
Абылай ханның 300 жылдық тойына





Пікір жазу