14.06.2022
  114


Автор: Кәкімбек Салықов

АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ АЛДЫНДАҒЫ СӨЗ

Данышпан заңғарымсың асқарала,
Қанықты есіміңе жас бала да.
Дәл бүгін, Абай ата, тұрсың қарап
Есілде Елордасы Астанаға.
Кең толғап беріге де, әріге де,
Ел-жұртты салдың сара тәлімге де.
Біз бүгін есеп беріп тұрмыз саған,
Ақтарып жүрекжарды мәлімдеме.
Тұрады мадақтауға елді, жерді,
Жаңа өмір жалау етті кең жігерді.
Тек қана... тап өзіңдей сынай алмай,
Сыпыра мақтап жүрміз шенділерді.
Саламыз атар таңнан алақайға,
Сол шығар ақындыққа шала пайда.
Шығындап бар малыңды болыс болсаң,
Біздің мал душар болды талапайға.
Осылай қаулап кетті қалталылар,
Хал солай, енді оларсыз «жер тарылар».
Бұйрығын жүрегінің екі бүктеп,
Бұйықты дуалы ауыз арқалылар.
Осылай, Абай ата, хал-жағдайым,
Тоқтаусыз сайрай беріп не қылайын.
Алдыңа келіп тұрмын, тым болмаса,
Көңілдің көтеруге жаңа райын.
Зар кешкен сұм жалғанда қайран алып,
Атыңды жүрміз мәңгі пайдаланып,
Етегін жел тербеген шапаныңа
Өтейін қайратымды қайрап алып.





Пікір жазу