14.06.2022
  98


Автор: Кәкімбек Салықов

МЕНІҢ ТІЛІМ

Тілім менің – ұлттық айқын дерегім,
Ұлтым бар деп бай тіліме сенемін.
Тілім менің – мәңгілік ел жаршысы,
Ұлтым, тілім – ортақ ұғым дер едім.
Дана тілім – ол Абайым дарынды,
Махамбет пен Мағжаным бар жалынды.
Төле би, Қазыбек, Әйтекедей шешен тіл,
Мұхтар, Сәкен, Ілиястай ағынды.
Сарыарқадай тілім шалқар саялы,
Құлагердей еркін құлаш жаяды.
Сексен көлдің аққу-қазы әнге орап,
Дүбір қосар қырда киік саяғы.
Қайратты тіл жорықтарда жетілді,
Ақжолтай тіл көшіп-қонып бекінді.
Тілім менің – қарт Алтайдай асқақ тіл,
Мұңы да мол зардап шеккен не түрлі.
Таза тілді тыңда кенші, малшыдан,
Сан соққыдан алып шықты бар шыдам.
Менің тілім – көз жасындай мөлдір тіл,
Ар-намыстың адалдығы аршыған.
Сабырлы тіл бәз-баяғы сәнімен,
Қалпын бұзбай келе жатыр әріден.
Қазақ тілі әлдеқайда тазарақ
Түркі тектес елдер тілі бәрінен.





Пікір жазу