ЕСЕН БОЛСЫН АРТТАҒЫ ҚОС НЕМЕРЕҢ
(Асқар Хасеновке)
Асқар інім,
Жетпіс жеті жастамын,
Көргенімді жастай жаза бастадым.
Бір ананың жалғызы едім өмірде,
Өздеріңмен биіктеді аспаным.
Дос-жаранға ақ ниетті, ашық ем,
Жан жылуын қиналғанда тасып ем.
Қос ұлыңнан айырылғанда қапылыс,
Мұң бөлісіп, қайғы шетін басып ем.
Бүгін жерге, аспанға да қарадым,
Зіл батпан боп жүргізбеді әр адым.
Үшінші ұлың кең жалғаннан өткенде,
Не дерімді білмей қалдым, қарағым.
Үш тұлпардан, үш сұңқардан айырылып,
Отырсың-ау ұшар қанат майырылып.
Сабыр ет, інім, дүниеде жалғыз емессің,
Мұң бөлісті қалың ел бірге қайғырып.
Есті жинап, жазмышқа көнбіс қылайық,
Құран үшін көздің жасын тыяйық.
Күрт құлама, қапаланба, Асқарым,
Бір Алладан қайыр-медет сұрайық.
Қайғы басар, көңіл ашар не дер ем,
Оңай болса, өзің де тез жеңер ең.
Құр алақан қалдырған жоқ Құдайым,
Есен болсын арттағы қос немерең.
Үміт сөнбес, сенім жеңер болар күн,
Жастар өсер, жақсартсын де жол алдын.
Алмасады реніш пен қуаныш,
Азамат болған қызығын көр солардың.