14.06.2022
  255


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖЕТПІС БЕСКЕ КЕЛЕР ЕДІ ОЛ БҮГІН

(Әшірбек Құнанбаевқа)
Құлақ сал, достар, ағайын,
Әшірбекті еске алайын.
Бір анадан туғандай,
Жақындық көрдік арайын.
Өмірден озып кеткелі
Он жылдық бүгін жеткенін
Ойға салар күз келді,
Батырған мұңға біздерді.
Ойлай берсек ой да көп,
Орала берер бойға дерт.
Тірі жүрсе, шіркін-ай,
Жетпіс бес жасын тойлар ек.
Жақсылыққа жаны бейім-ді,
Ер еді мырза мейірлі.
Тау қопарған ол кенші,
Үлгі алар жастар кейінгі.
Ұлытау жебеп санасын,
Басқарды Сәтбаев қаласын.
Талапкер өнер жинағыш,
Қайраткер халық сыйлағыш,
Сабырлы болды саспайтын,
Қиындықтан қашпайтын.
Ғалымдығын да паш етті
Кеншілер мәңгі қостайтын.
Айқара жайып құлашын,
Құдайдай сүйді құдасын.
Бір көрген жанды тамсантты,
Кісілік жайып мұрасын.
Болсам да аға жасы үлкен,
Әр сөзі ашты асыл кен.
Абайлап айтқан ақырын,
Тыңдаушы ем берген ақылын.
Құлагер мінез тұлпарым,
Қиядан ілер сұңқарым.
Көре алмай жүрмін тап сондай
Боларын тірек кім барын.
Отырған үйі ақ сарай,
Сән құрды төрі бақшадай.
Сұм ажал, әттең, әкетті-ау
Бірер жыл есен сақтамай.
Кесел де қатты қинады,
Арманын асыл тыймады.
Балаларын, ой, әйтеуір,
Астанаға жедел жинады.
Толғантса өмір-дария,
Батасын берсін қария:
Шалқытып жүрген шаңырақты
Көп жаса, келінім Ғалия.
Бисмилля деген – дүр бата,
Құраннан келген нұр бата.
Әшірбектің артта әулетін
Әрдайым жебеп жүр, бата.
Ұрпаққа тірек – жақсы Ата,
Сөнбейтін шырақ жақты Ата.
Шөбере-шөпшекке дарысын
Жандосқа берген ақ бата.
Бір аунап Әшірбек сүйінсін,
Топырағына шуақ құйылсын.
Алланың жауып рахматы,
Жұмақтан орын бұйырсын!
Әумин!





Пікір жазу