14.06.2022
  111


Автор: Кәкімбек Салықов

ДОМБЫРАМЕН СЫРЛАСУ

Кел, домбыра, екеуміз
Сырласайық тағы да.
Тебірентер ме екенбіз
Күткендерді сағына?
Сыңар ішектеп қағытсам,
Қайтқан қаздай қаңқылда.
Тәтті күйді ағытсаң,
Ерермін баппен артыңда.
Біреулер жоғын сағынсын
Шымырлата шерткенде.
Жұқарған жүрек арылсын
Ащы-тұщы дерттен де.
Бір қуаныш, бір қайғы
Тыңдағанға әкелсін.
Кімге жұлдыз, кімге айды
Аспандағы әперсін.
Сүйсінем де шошынам,
Әуеніңе бой балқып,
Риза бол деп осыған
Тілдеседі күй қалқып.





Пікір жазу