14.06.2022
  217


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕСІМІН ЖЫЛДАР ЖАСЫРМАС

(Сәкен Жүнісовке)
Көз жұмды өнер пырағы,
Қазақтың ғажап дүлдүлі.
Самғауық қыран құлады,
Бұлт жарған асқақ тынды үні.
Шаршы топ тұрар бас иіп,
Сол еді-ау жігіт озығы.
Заңғарға жетті ең биік,
Өзі ірі саңлақ, сөзі ірі.
Сағымнан шықты жалындап
«Жапандағы жалғыз үй».
«Ақан сері» ағындап,
Ел-жұрттан Сәкен алды сый.
Құлагер мұңын қозғаған,
Шұрқырап шықты құлындай.
Болса да Ақан өз бабам,
Жалғасты Сәкен ұлындай.
Сан қилы өнер тоғысты,
Сергітіп дала жарысы.
Таңдантты қазақ, орысты
Италияшыл әсем дауысы.
Тұлпар сол жайнар шапқанда,
Қай думан оны қарсы алмас?!
Абайдың әнін айтқанда
Алдына тірі жан салмас.
Таппады таныс бірауық,
Драмаға терең бойлады.
Сұм жалған ескен шырмауық
Шырмамай оны қоймады.
Өнерін көптен асырса,
Сері еді жанға бас ұрмас.
Қара жер көзден жасырса,
Есімін жылдар жасырмас.





Пікір жазу