ЕЛ ШЕТІНДЕГІ ТЕБІРЕНІС
Қайыңды елдің ұлымын, қайыңды елдің,
Ақ қайыңды жырлауға дайын келдім.
Барып, көріп, аралап білсем деймін
Нарық берген бүгінгі жайын елдің.
Жалғызтаудың жазық бел саласында,
Маған қымбат жаннат жер бәрі осында.
Жатқан шығар қос анам мен келер деп,
Селдір қайың көз көрген арасында.
Араларын өсіп ем қосуменен,
Толғаныстан менде жоқ шошу деген.
Жол-жөнекей әйтеуір бір соғар деп,
Аунап түсті-ау екеуі тосуменен.
Жыр жазғанда сыр қалмас ақтармаған,
Қайыңдар да өкпе-наз сақтар маған.
Парызым бар
Қос анам жатқаны үшін
Үкілі Ыбырай ауылына ақталмаған.
Қастерлесек ата мен анамызды,
Ойладық па Үкілі бабамызды?
Ол қай жерде жатыр деп сұрай қалса,
Ұялғаннан ұстармыз жағамызды.
Соның бәрін жүрміз ғой біліп қана,
Ақ қайыңдар теңселер ұғып қана.
Белгі орнатсақ Үкілі бабамызға,
Үлгі болар ұрпаққа, ғұрыпқа да.
Туған ауылын көркейтсе байтақ елі,
Сонда парыз, шіркін-ай, қайтар еді.
Ақ сүттерін кешіріп анамыз да,
Мың-мың алғыс біздерге айтар еді.
Ақ қайыңның түбінде аппақ елік,
Қосылғандай аңсаған сапқа келіп.
Ыбекеме лайықты мүсін тұрса,
Мәңгілікке есімін сақтар едік.