14.06.2022
  105


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАЙЫРБЕК ШӘКІРОВКЕ

Суық хабар әкелген сөз анық боп,
Таңдануым орасан.
Терезесі түнеріп тұр, жарық жоқ,
Дос үйіне қарасам.
Көзімнен жас, маңдайымнан тер шығып,
Үнсіз ғана мұңайдым.
Жайсаң еді, қуаты мол ер жігіт,
«Бұл қалай?» деп сұраймын.
Таң сібірлеп жарық шашты нұр самал,
Кім көңілді көтермек?
Таптым мен де ел ұмытпас бір амал
Жыр-ескерткіш көтермек.
Маңғаз еді, жүзі жылы, ақ маңдай,
Мінезі де ақ еді.
Бір көргенде мәңгі есіңе сақтардай
Ол – бәйтерек мәуелі.
Ән салатын, домбыраға жақсы еді,
Табар ішкі тағатын.
Кеншілікке кемел туған бапты еді,
Білер сәтті сағатын.
Алғыр еді қызу істе қайнаған,
Досқа достық тіледі.
Ұлытау мен Жезқазғанды жайлаған
Ол – Есілдің ұлы еді.





Пікір жазу